«Nur Otan» партиясы Қызылорда қалалық филиалының төрағасы, қала әкімі Н.М.Нәлібаевтың партиялық ішкі іріктеу-праймеризді өткізудің басталуына орай қызылордалықтарға үндеуі
Құрметті Сыр халқы!
Бұған дейін белгілі болғандай ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасына сай 17 тамыз бен 3 қазан аралығында «Nur Otan» партиясы өз тарихында алғаш рет праймериз яғни партия ішілік сайлау өткізуді қолға алған. Бүгінде тұңғыш рет жүзеге асырылатын саяси үдерістің ережесі нақтыланып, жалпыреспубликалық деңгейде праймериз өткізу жұмыстары басталды.
Партияны қайта жандандыруға, еліміздің партиялық-саяси дамуына бағытталған жаңа бастаманың негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі және барлық деңгейдегі мәслихаттардағы тиімді депутаттық корпусты одан әрі қалыптастыру, партияның сайлауалды тізіміне кіретін депутаттардың сапалық құрамын мейлінше жақсарту, білім білігі жоғары мықты көшбасшыларды анықтау.
«Мықты лидерлер – Мықты партия» қағидатын негізге алған халықтық партияның бұл бастамасы шынайы және мықты көшбасшыларды анықтаумен қатар қоғам өміріне бей-жай қарамайтын, азаматтық ұстанымы айқын және белсенді, елдің көшін өрге сүйреп, өндіріп іс жасайтын жандарды алдыңғы шепке шығаруды көздейді.
Ел, халықтың сенім үдесінен шығып, қолдауына ие болған азаматтар бұған дейін партия қатарында болмаса да іріктеуге қатыса алады. Бұл жаңашыл бастаманың ерекше тұсы. Еліне еңбегін арнап, табанды тірлік етіп, туған жерді түлетуге талап қылған кез-келген сайлау құқығы бар қазақстандық өз өтінішін бере алады.
Партия ішілік іріктеуде дәстүрлі дауыс берумен қатар қазіргі трендке сай онлайн дауыс беруде қарастырылған. Бұл дауыс берудің ашық әрі әділ өтетінінің бір кепілі болмақ.
Өңірді өркендетіп, елімізді гүлдендіру жолында аянбай тер төгіп, мемлекетіміздің кемел келешегі үшін қызмет етемін деген белсенді де дарынды, креативті ойлай алатын озық ойлы азаматтарды алдағы праймеризге белсенді қатысуға шақырамын.