Сапа – құрылыстың сәні және әрі
«Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында қала аумағында орналасқан бірқатар мәдениет үйіне жөндеу жұмыстары жүргізілген. Оған республикалық бюджеттен арнайы қаржы қарастырылып, «Құрылыс Бизнес и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі толыққанды жұмыстар атқарған. Бұл туралы қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мұхтар Ниязов мәлімдеді.
Бөлім басшысының айтуынша, бүгінде бірқатар мәдениет нысанына орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ел игілігі үшін пайдалануға берілуде.
– А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінің көрермендер залы, сахна төсеніші, әжетхана жабдықтары толығымен ауыстырылып, заманауи үлгіде жаңғыртылған. Жалпы сомасы 7459200 теңге көлемінде қаржыға шатыр саңылаулары бітеліп, олқы тұстары оңалтылды. Жарамсыз есік, едендер ауыстырылып, жаңа үлгідегі орындықтар орнатылуда. Сыр өңіріндегі серпінді іс шаралардың басым бөлігі осында өтетіндіктен көрермендер мен қонақтарға жағдай жасалауы тиіс, – дейді А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінің директоры Жанар Болатбекова.
Журналистер аялдаған келесі нысан – Титов қыстағында орналасқан М.Ералиева атындағы мәдениет үйі. Мұнда ғимараттың қас беті жаңартылып, керамогранитпен қапталған. Сыртқы қабырғалары декоративті әрлеу сылағымен сыланып, сыртқы, ішкі есіктері ауыстырылып, киім ілетін орны жаңаша кейіпке енді. Қыстақ тұрғындарының бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында мәдениет үйі жанынан ашылған спорт секциясы алаңы пластикпен бөлініп, оңтайландырылған. Осылайша 6720000 теңге қаржыға жоғары деңгейлі жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Бөлім басшысы М.Мәуленұлының айтуынша, бюджеттен бөлінген қаржыдан бөлек қосымша өз қаржылары аясында ғимараттың іргетастары боялып, ірілі-ұсақты істер жасалған. Сонымен қатар, Қосшыңырау ауылдық округінде орналасқан Абай ауылдық мәдениет үйінің шатырын жөндеуге 3000000 теңгеге жұмсақ жабынмен жабу жұмыстары жүйелі деңгейде жүргізілген.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ