Жақсылық жасау жанға жылулық береді
Облыстық ҚХА және «Жомарт» қайырымдылық үйінің волонтерлері Белкөл кентіндегі мұқтаж отбасында болып, қайырымдылық көмек көрсетті.
Отбасында әкесі үш баланы жалғыз тәрбиелеуде. Анасының мезгілсіз өмірден озуы отағасына қиындық туындатып, әлеуметтік жағдайына әсер еткен. Жалдамалы пәтерде тұратын бұл отбасында қыс мезгілінің жақындауына орай жылы киімге мұқтаждық байқалуда.
Алдымен волонтерлер пәтерге келіп, отбасының жағдайымен танысқан болатын. Үш бала онлайн форматта білім алуда және үшеуіне бір смартфонмен сабақ оқу қиын екенін естіген Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары Ж. Зинелов пен Ә. Ерғалиев балаларға планшет сыйлады. Айта кетерлігі, аталмыш планшетті оқушылар облыстық ҚХА ұйымдастыруымен өткізілген «Dostyk KZ» әлеуметтік жобалар байқауында жүлделі бірінші орынды иеленіп, ұтыс ретінде алған болатын.
Жас дарындар қайырымды іске бастама көтеріп, нәтижесінде облыстық ҚХА үйлестіруімен балаларға планшет, кәріс этномәдени бірлестігі және «Жомарт» қайырымдылық үйі белсенділері жинаған қыстық жылы киімдер мен азық-түлік және «Абай-Дәулет» ЖШС ұсынған күріш қапшықтары үлсетірілді.
Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы балаларға планшетті дұрыс қолдануды үйретіп, алдағы уақытта білім алу бойынша өз көмегін көрсететінін жеткізді.
«Жомарт» қайырымдылық үйінің белсендісі Г. Кірекес және «Қоғамдық келісім» КММ бөлім басшысы Қ. Ақылбеков жылы кимідерді үлестіріп, отбасының өзге де түйіткілді мәселелерін талқылады.
Балалардың әжесі Дүйсенкүл апа волонтерлерге алғысын білдіріп, ақ батасын берді. Балалар жылы киімдер мен жаңа планшетке көңілдері көтеріліп, қуаныштарын жасырмады.
«Оң қолыңмен бергенді сол қолың байқамасын» дегенмен, қайырымдылық құндылықтарын насихаттау, рухани жанға азықты дәріптеу баршамыздың ортақ міндетіміз.
Волонтерлердің сауапқа толы бастамасына баршаңызды ат салысуға шақырамыз.
Облыстық Қазақстан халқы
Ассамблеясының баспасөз қызметі