Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Кемпір деп кімді айтамыз?

Кемпір деп кімді айтамыз?


Бүгінде «кемпір» сөзінің дұрыс-бұрыстығы төңірегінде дау көп. Анығы, кімге қаратып айтылатын атау екені жұмбақ күйінде қалып отыр. Тіпті ғылыми тұжырымдардың өзі бір-біріне қайшы келіп жататын тұстары кездеседі. Бірі бұл күйеуі қайтыс болған егде жастағы әйел адамды атайды десе, бірі бұл сөздің мағынасы «күші кем әйел адам»  деп топшылайды. Сонымен, кемпір деген кім?
Көбіне кездесетін алғашқы нұсқа – жесір әйел. Яғни, кемпір деп күйеуі қайтыс болған егде жасқа келген әйелді атайды. Бұл тақырыпты публицист Жәнібек Қожық былайша тарқатады: «Қазақта «пірсіздің пірі шайтан, әйелдің пірі күйеуі» деген мақал бар. Кемпір пірі кем әйел дегенді білдіреді. Қазақ жетімін жылатпаған, жесірін қорлатпаған халық. Күйеуі қайтыс болған келіншекті жесір деп атаған. Бірақ, күйеуінің бір жылдық асын бергеннен кейін ел ақсақалдары жиылып жесірді қайнысына, не қайнағасына атастырған. Ал егде жасқа әйелдің, балалары ер жетіп, қыздары бой жеткен кезде күйеуі қайтыс болса кемпір деп атаған. Қазақ оларды құрметтеп сыйлаған. Күйеуі қайтыс болған кемпірлер үй билігін де, түз билігінде өздері алған» дейді.
Публицист «кемпір» сөзінің бүгінгі қолда­ныстағы бір мысалын да келтіре кетеді. Оның айтуынша, қазақ қоғамында маңызды мәселені «кемпірмен ақылдасайын», «біздің үйдің кемпірі шешеді», «кемпір біледі» деп  айту сол ұғымнан қалған. Ал, күйеуі тірі адамды ешкім кемпір демеген. Тіпті кейбір әжелердің «кемпір» деген сөзге ашуланып қалатыны да сондықтан көрі­неді. Бірақ қазір көп сөздің шынайы мағынасы ұмы­тыл­ғандықтан, жастар тарапынан ескерілмеуде екен.
Әрине, бұл ұғымға түбегейлі қарсы адамдар да бар. Соның бірі – сыншы Қозыбай Құрман. Оның ойынша, «кемпір» сөзі – егде жастағы барлық әйелдерге ортақ қолданатын атау. Егде жастағы жесір әйел деген қате түсінік деген пікірде: «Еріксіз Абайдың «Жазғытұры» өлеңінің бір шумағын іштей қайталайсыз.
Жаздың көркі енеді жыл құсымен,
Жайраңдасып жас күлер құрбысымен.
Көрден жаңа тұрғандай кемпір мен шал,
Жалбаңдасар өзінің тұрғысымен.
Иә, еш жаңсақ естімедіңіз. Қап-қанық «Кемпір мен шал» делінген. Енді әлгі «пірсіздің пірі – шайтан, әйелдің пірі – күйеуі» деген мақал бойынша тұжырсаңыз, пірі – шалының аман-сауында «кемпір» атанған қарт ана. Бақсаңыз, бұл есеппен Һәкімнің өзі сөзден «сүрінген» болып шығады. Мәселен, бала күніңізден өзіңіз сүйіп тыңдаған «Ер Төстік» ертегісін алыңызшы. «Бір күні кемпір төсегінен тұрып түндікті ашады» дей берсеңіз, жұрт біткен шалы Ерназардың шаңырақтан төстік көріп, жерден жеті қоян тапқандай қуанғанын, онан ары ертегінің бас кейіпкері Төстіктің өмірге келу барысын суырылып тұрып баяндап береді. Байыптасаңыз, мұнда да кемпір мен шал. Пірі – Ерназары аман. Бұл пікірді осы шағын екі мысал арқылы теріске шығаруға болады» дейді.
Бұдан бөлек, сыншы қазақ мақал-мәтеліндегі «кемпір» сөзінің мағынасына тоқталып, жесір әйелге қатысты тұсын таба алмағанын жеткізеді. Оған қоса, ертегілерді тыңдап өскен баланың танымы мен немереліктің қызыған татып өскен «шалдың баласы» мен «кемпірдің баласы» бар қоғамда бұл ұстаным оғаш екенін атады. Ол өз пайы­мында ғалым Б.Әбжетовтің: «кемпір» сөзі түркі халықтарына парсыдан кірген. Сөздің алғашқы буынындағы «кам» «аз» дегенді білдірсе, ал «пір» сөзінің мағынасы «ата», «баба», «ақсақал», «қауым бастығы» дегенді білдіреді. Сонда «кемпір» – «күші кем адам», «әлсіз адам» дегенге саяды. Сонда бұл кейіпкер матриархат культінің жойыла бастаған дәуірінде дүниеге келе бастаған болса керек» деген пікірін де тілге тиек етеді. 
Әрине, тұрмыста «кемпір» сөзін жиі естиміз. Егде жастағы әйелдерге қаратып айтылған немесе ерлердің жарын еркелетіп атаған сәтіне куә болып жүрміз. Алайда, оның мағынасы ғылыми тұрғыда шегеленбегендіктен, терең бағдарлай алмай келеміз. Әйтеуір, ел ниеті түзу ғой. Көптікі қате кетпес. Бүгінгінің егде тартқанды «кемпір» деуі жасын  сыйлап, құрмет көрсеткені, үлкен көргені. Сондықтан.  жалпыхалықтың түсінігіндегі «кемпірдің» қадірін қашырмаған дұрыс секілді. Сіз не ойлайсыз, оқырман?
Е.БАЛТАБЕКҰЛЫ
06 қазан 2020 ж. 1 250 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 422 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам