Бөлінген қаржының есебі бар

Алдымен филиал басшысы сақтандыру қорынан бөлінген қаражаттың көрсеткішінен бастады. Бақыт Исмаханбетовтың сөзінше, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан коронавирус инфекциясымен күреске 6 млрд 466 млн теңге көлемінде қаржы бөлінген. Аталған қаржы пандемия кезінде медициналық көмек көрсетуге, медицина қызметкерлеріне үстемақы төлеуге, полимеразалық тізбекті реакцияны (ПТР) анықтауға және мобильді бригадаға, үйдегі стационарға жұмсалыпты.
– Қор филиалы медициналық көмектің сапасын жақсарту үшін ұйымдардың тарифтерін 2 есеге көтерді. Нәтижесінде коронавирус инфекциясымен және пневмониямен ауырған науқастарды емдеуге жеке емдеу мекемелерін тартуға мүмкіндік туды. Медициналық ұйымдарға дәрі-дәрмектерді толық жеткізу үшін «СК-Фармация» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісім шарт жасалды. Бірыңғай дистрибьюторға жыл соңына дейін жеткізілетін препараттар үшін жеткізушілерге және өндіруші зауыттарға аванстық төлем төледі, – деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ облыс бойынша филиалының директоры Бақыт Исмаханбетов.
Қазіргі таңда коронавирус инфекциясының болжамды екінші толқынына даярлық толық әзірленген. Филиал директоры халықты дәрі-дәрмекпен қамту үшін қаржы жеткілікті екенін айтып, бүгінде дәрінің екі айлық қоры бар екенін жеткізді. Сондай-ақ, аймақта індетпен күресуге 30 медициналық ұйым тартылып, қалалық және аудандық ауруханаларға бөлінген.
Е.ШАМШАДИН