Диқанның жүзі жарқын
Өңірде жылдағы дәстүрмен ауыл шаруашылығы саласы еңбеккерлерінің «Алтын дән – 2020» салтанатты шарасы өтті. Бұл жолы дәстүрлі жиын елдегі пандемиялық ахуалға байланысты онлайн форматта ұйымдастырылып, қала және аудан бойынша
300-ге жуық маман тамашалады.
Шараға облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қатысты. Ел экономикасының негізгі күші саналатын аграрлық саланың аймақтағы қарқыны жыл санап артып келеді. Бұл бағытта өндірілген өнім көлемі 94,4 млрд теңгені құрап, былтырғы көрсеткіштен 3,2 процентке жоғарылаған. Салаға тартылған инвестиция мөлшері 1,8 есе, тамақ өнеркәсібі бойынша 1,6 есе ұлғайып отыр. Соңғы 5 жылдағы есеп бойынша аймақтың егіс көлемі 16 мың гектарға кеңейген.
300-ге жуық маман тамашалады.
Шараға облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қатысты. Ел экономикасының негізгі күші саналатын аграрлық саланың аймақтағы қарқыны жыл санап артып келеді. Бұл бағытта өндірілген өнім көлемі 94,4 млрд теңгені құрап, былтырғы көрсеткіштен 3,2 процентке жоғарылаған. Салаға тартылған инвестиция мөлшері 1,8 есе, тамақ өнеркәсібі бойынша 1,6 есе ұлғайып отыр. Соңғы 5 жылдағы есеп бойынша аймақтың егіс көлемі 16 мың гектарға кеңейген.
Биыл ауыл шаруашылығы саласы үшін сындарлы жыл болды. Елдегі ахуалды айтпағанда, су тапшылығының орын алуы да шаруалардың көңілін күпті еткен. Соған қарамастан қиындыққа мойымай ерте көктемнен табан ет, маңдай терін төккен дала еңбеккерлерінің еңбегі еш кетпеді. Әр гектарына 61,8 центнерден өнім алынып, Сырдың ақ күріші қамбаға құйылды. Жылдағы әдеттен жаңылмаған шаруалар тағы да рекордтық көрсеткішті жаңартты.
Туындаған мәселе төңірегінде тұщымды шешім шығара білген сала мамандары биылғы егісті әртараптандыру бағытына басымдық берген. Сол мақсатта мал азықтық дақылдарын, бақша өнімдерін, дәнді дақылдарды егуді қолға алды. Заманауи технологияны да ұтымды пайдалана білді. Нәтижесі жаман болған жоқ. Әртараптандырудың тиімділігін шаруалар түсінді. Аймақта бұрын соңды егілмеген дәнді дақылдар егуді қолға алып, оның өндірісте біршама өнім беретіні дәлелденді. Ендігі кезекте егістің 80-85 мың гектарына күріш, қалған аумағына диверсификациялы дақылдарды егу көзделіп отыр. Сондай-ақ саланың табыс түсіретін секторларын дамыту, әр ауданның ерекшелігін ескере отырып өнім өндіру маңызды болмақ. Бұл ретте тамшылатып суғару тәсілімен Қазалы ауданында жүгері, Жаңақорғанда қызанақ, Шиелі ауданы бойынша жоңышқа егу жоспарланып отыр.
Аймақты көпшілік ақ маржанымен таниды. Десе де аграрлық салаға мал шаруашылығының да серпін беріп отырғанын атап өткен жөн. Өңірде Қамбар ата, Ойсылқара, Зеңгі баба төлдерін өсіру бір жолға қойылған. Мал басын асылдандыру, ет, сүт өнімін өндіру қарқын алып келеді. Мәселен, осы кезге дейін облыста 26,3 мың тонна ет, 65, 2 мың тонна сүт өндіріліп, өнім көлемі сәйкесінше жылдағыдан 2,6 есеге артқан.
Алдағы 3 жыл көлемінде облыстың экономикалық даму жос¬парына сәйкес 265 инвестициялық жоба жүзеге асуы тиіс. Оның 63 жобасы ауыл шаруашылығы саласы бағытында. Бүгінгі таңда әлеуметтік маңызы бар азықпен қамтамасыз етуде қолға алынған 45 жобаның 9-ы іске қосылды. Ал келер жылы 5 мың тонналық ет комбинаты, құс фабрикасы, сүт фермасының құрылысы басталмақ.
Алдағы уақытта су тапшылығын болдырмас үшін су тораптарын салу, ескісін жаңарту жолға қойылмақ. Бұған дейін «2020-2021 жылдарға арналған «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында «Жиделі» су қоймасын, «Әйтек» су торабын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілсе, алдағы кезеңде «Қараөзек» су қоймасы мен Шиелідегі «Күміскеткен» су қоймасын іске қосу көзделіп отыр. Айта кетер жайт, соңғы су қоймасы қысқы кезеңдегі тасқын суды жинап, егістікке пайдалану мақсатында жүзеге аспақ. Мұның барлығы – алдағы уақытта су тапшылығын болдырмаудағы әрекет.
Ала жаздай еңбектің жемісін аймақ диқандары бұл жолы да төкпей, шашпай, жауын-шашынға қалдырмай жинап үлгерді. Шара соңында аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін, үздік аудандар мен агроөнеркәсіп саласының озаттарын марапаттады. Озаттар қатарынан Сырдария ауданынан «Мәди Қажы» серіктестігінің директоры С.Сұлтанов, Қазалы ауданынан «Рза-Агро» серіктестігінің егіс бригадирі Б.Аймағамбетұлы көрінді. «Озат өңдеу кәсіпорны» номинациясымен «Мағжан и К» серіктестігінің директоры М.Ералиев, «Озат ауыл шаруашылығы кооперативі» номинациясымен «Шиелі төрт түлігі» кооперативінің жетекшісі С.Ермаханов, «Озат комбайншы» аталымымен Жалағаш ауданының «Таң ЛТД» серіктестігінің комбайншысы Т.Табынбаев марапатталды. Сонымен қатар еңбегі сіңген сала ардагерлеріне ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі», «Еңбек ардагері» төсбелгісі табысталды.
Айдана САЙДУЛЛАҚЫЗЫ