Қазалы карантин талабын бұзудан алғашқы орында тұр

Көктем кезіндегі төтенше жағдайды айтпағанда, шілде айынан бастап кешегі күнге дейін облыста 3000-нан аса рейд жүргізіліпті. Оған 24 мониторингтік топ өкілдері атсалысқан. Осы шара аясында мамандар тұрғындардың карантин талаптарына қарамастан заң бұзу-шылыққа жиі орын бергенін айтады. Оның басым бөлігі мерекелік жиын, басқосу сынды әрекеттер екен.
Мониторингтік топтың жүргізген рейдтік тексерісі кезінде 779 заң бұзушылық анықталған. Талапқа бағынбаған 379 қызмет көрсету нысаны, 382 мерекелік-көпшілік іс-шара, 18 топтық жиын ұйымдастырған тұрғындар бар. Карантин талабын бұзудан Қазалы ауданы алғашқы орынға шығыпты. Одан кейін облыс орталығы, Арал ауданы табан¬ тіреген. Жалағаш, Қармақшы, Жаңақорған ауданы да олардан қалыс емес. Ал Шиелі, Сырдария аумағы той-тойлауды бәсеңдеткен. Сабақ болса керек. Айта кетер жайт, індет өршіген тұста аймақ бойынша Шиелі ауданы көш бастаған еді. Күн санап вирус жұқтырғандар саны осы ауданда арта түсті. Соған қарамастан талапқа бағынбаған да шиеліліктер еді. Бүгінде өткен істен сабақ алғандай. Өзге аудандарға қарағанда мұндағы мерекелік іс-шаралар біршама төмендеген.
Вирустың бәсі төмендегенде мүмкіндігінше той-тойлатып үлгердік. Дегенмен рейдтік топтың көзіне түскендер жазадан шет қалған жоқ. Біріне ескерту, біріне әкімшілік хаттамасы толтырылып, ендігісіне айыппұл салынды.
– Елдегі ахуалға байланысты карантин талабы жеңілдегенімен, кейбір мәселеге байланысты өзгеріссіз қалғаны бар. Қаулыға сәйкес басқосудың адам санына байланысты белгіленген мөлшері бар. Алайда сол көлемнен артық адамның басын қосып, мейрамханаларда жасырын той жасағандар болды. Халықтың көп шоғырлануы, арақашықтық сақтамау, қорғаныш құралдарының болмауы сынды тәртіп бұзушылық кездесті. Карантин талабын бұзған тұлғаларға ҚР ӘҚБтК-тің 425 бабының 1 бөлігімен әкімшілік айыппұл салынып, оның жалпы сомасы 36 млн 350 мың теңгені құрады. Сондай-ақ қоғамдық тамақтану орындары, азық-түлік, сауда орындарына қатысты кәсіпкерлерге, жеке тұлғаларға әкімшілік хаттама толтырылды, – дейді Қызылорда облысының санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау де партаментінің баспасөз хатшысы Айман Жанахаева.
Маманның айтуынша, халыққа қызмет көрсету нысандарында санитарлық талап сақталмай, қорғаныш құралдарынсыз қызмет көрсеткен. Белгіленген уақытты асыра пайдаланғандары да болыпты. Мәселен, бетперде тақпай, әлеуметтік арақашықтық орнатпаған 276, шекті уақытқа бағынбаған 60, тыйым салынған нысанның қызмет көрсетуі 29, залалсыздандыру талабын сақтамаған 14 дерек тіркелген.
Соңғы дерек бойынша карантин талабына бағынбаған 11 жеке тұлғаға 458370 теңге әкімшілік айыппұл салынды. Атап айтсақ, Қазалы, Қармақшы, Сырдария ауданында той жасаған азаматтарға 83340 теңге көлемінде айыппұл салынған. Сондай-ақ бетперде тақпаған, белгіленген уақыттан асыра жұмыс істеген қоғамдық орын иелері де тапқанын айыппұлға жаратты.
«Той – халықтың қазынасы» деген ұстанымдағы жұртымыз үшін ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, ағайын-туыстың басын қосу, сән-салтанатын жасау қалыпты үрдіс. Қуанышыңды көппен бөлісу, бата алу, салт-дәстүрді сақтау құптарлық іс болғанымен, мынадай кезеңде оған біршама тыйым салынған. Себебі де белгілі. Дәрігерлер бұл вирустың жұғуы тез, анықталуы кеш, өзіңді өзің қорғамасаң соңы ауыр халге жеткізетін індет екенін айтып дабыл қақты. Талапты күшейтсе де тығылып думандатқандар тыйылмап еді. Ақыр соңы не жағдайға жеткізгені өзіңізге мәлім.
Айдана СЕЙІЛ