Қызыл кітапқа енген қарақұйрықты атқандар қамауға алынды
26 қазанда заңсыз аң аулау дерегі бойынша қылмыстық істі тергеу барысында күдіктілердің жануарлардың сирек кездесетiн түрлерімен заңсыз айналысу дерегіне қатысы бар екендігі белгілі болды.
Осыдан бұрын, ағымдағы жылдың қыркүйек айының 27-і күні «Охотзоопром» мекемесінің және Қызылорда облысы Полиция департаментінің қызметкерлерінің бірлескен жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізу барысында заңсыз аңшылық жасаған күдіктілердің ұсталғандығы хабарланған болатын.
Бірлесіп жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Қызылорда облысы Жалағаш ауданы аумағында күдікті «Урал» мотоциклі тоқтатылды.
Жедел-тергеу тобымен мотоцикл ішінен Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген қарақұйрық аңы, аңшы мылтығы және пышақ алынды.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің екі бабы бойынша, яғни 337-бабы 4-бөлігімен (Жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлеріне, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған жануарларға қатысты жасалған заңсыз аңшылық) және 339-бабының 2-бөлігімен (өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Күдіктілер тергеу изоляторына қамаққа алынды.
Қызылорда облысы Полиция департаментінің
Жалағаш аудандық полиция бөлімі бастығының
орынбасары полиция полковнигі Берік Сәрсенов