Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » «Көшеміз, көшпейміз»  немесе 12 отбасы апатты үйден неге шықпай отыр?

«Көшеміз, көшпейміз»  немесе 12 отбасы апатты үйден неге шықпай отыр?

Қаланың шет ауданы саналатын «Титов»­ шағын ауданында 12 отбасы апатты үйде тұрып жатыр. Олардың апатты үйде жанын құрбан еткенше көшпеуіне кім кінәлі? Тұрғындардың жайын жақсы білетін қала әкімдігі қандай шешім қабылдады? Сұрақ көп. Бұл сұрақтардың жауабын қалалық ішкі саясат­­ бөлімі ұйымдастырған пресс-тур кезінде анықтадық. Ендеше, мәселенің мән-жайын басынан баяндайық.
Осы жылдың 19 қыркүйегінде «Титов»­ тұрғын ауданы, Жаңақұрылыс-4 көшесінің екінші кварталындағы №9 мекенжайында орналасқан 18 пәтерлік үйдің №3 пәтерінде төтенше жағдай орын алған. Қабатаралық темірбетон плиталары опырылып түскен тұрғын жай «Д-Ару» ЖШС-ның эксперттік қорытындысы бойынша апаттық деп танылған. Соған сәйкес, үш пәтер иесі «Бәйтерек» шағын ауданындағы пәтерге уақытша көшірілсе, үш отбасы туыстарының үйіне уақытша қоныс аударған. Десе де апаттық үйде тұрып жатқандар әлі бар.
Негізінен бұл №9 үй 1988 жылы пайдалануға берілген. Осыдан екі жыл бұрын үйді жаңғыртудан өткізу үшін әкімдік өкілдері дауыс жинау мақсатында тұрғындармен бірнеше рет жиналыс өткізген. Алайда тұрғындар үйлерін жаңғыртудан өткізуге келіспегендіктен жаңғыртудан құр қалған. Қазіргі таңда апаттық жағдайдағы үйде тұру қауіпті. Сол себептен 13 пәтер иелері үй алуға кезекке тұрған, ал қалған 5 тұрғынның құжаттары рәсімделуде. Мамандардың айтуынша, мұндай кезекте тұрған 165 адам бар. Сондықтан тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі тұр­ғындарға алғашында жарты жыл пәтер жалдап беруді, кейін «Бәйтерек» шағын ауданындағы үйлерге кезегі келгенше уақытша қоныстануға ұсыныс берген. Бірақ бұл ұсынысты тек 3 отбасы қабылдап және 3 отбасы туыстарына қоныс аударған. Қалған 12 пәтер иесі бөлім тарапынан ұсынылған ұсыныстан бас тартып отыр.
№3 пәтердің қабаты төменге қарай опырылып кеткендіктен бұл үйде тұруға болмайды. Сол үшін бізге «Бәйтерек» шағын ауданына уақытша көшіңіздер» деді.  Алайда біз көшуден бас тарттық. Себебі біріншіден ондағы үйлер бізге уақытша берілген, яғни жарты жылдан кейін баспанасыз қаламыз. Екіншіден, қала орталығынан алыс жерде, жұмысқа барып-келу қиындық тудырады. Мұны­мен қоса ондағы үйлердің жай-күйі нашар,­ дәретханасы далада орналасқан. Отбасында науқас адам бар отбасы үшін қиын. Біздің қолымызға жаңа пәтердің кілті берілмейінше басымызды қатерге тігіп, осы үйде тұруға мәжбүрміз, – дейді апатты үй тұрғыны Күләш Аймырзаева.­­­
Мәселенің анық-қанығын білу үшін қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысына жүгіндік. Басшының айтуынша, 6 айдан кейін тұрғындарды уақытша берілген баспанадан ешкім шығармайды.
─ Қызылорда қаласы «Титов» шағын ауданындағы №9 үйдегі орын алған жағдайға байланысты тұрғындарға уақыт­ша баспана ұсынылды. Әкімдік тарапынан жүргізілген түсіндірме жұмыстары барысында сол үйде тұрып жатқан 18 отбасыға ең алдымен үй алуға кезекке тұру керектігі айтылған. Осыған орай аталған үйдің тұрғындарына кезектілік келгенге дейін екі бағытта баспана ұсынылған болатын. Біріншісі ─ қала әкімдігі тарапынан 6 айға басқа пәтерді жалдап беру, бұған бюджеттен қаражат қаралған. Екіншісі ─ «Бәйтерек» шағын ауданынан кезек келгенше уақытша баспана беру. Бұған дейін сол пәтердің тұрғыны уақытша пәтердің кілтін 3 рет алып, қайта тапсырды. Себебі ол кісі уақытша үйді алсам, осы жерде қалып қоямын деп ойлап жүр. Алайда «Бәйтеректен» берілетін үй «уақытша бас­пана» деп рәсімделіп, арнайы келісім-шарт арқылы беріледі. Яғни, оларға бұл тұрғын-жай тек жаңа пәтердің кілті берілгенге дейін уақытша тұратын орын, ─ дейді бөлім басшысы Біржан Далабаев.    
Бүгінде апатты үйде тұрып жатқандардың барлығы қағаз жүзінде уақытша үйден бас тартқан. Маманның айтуынша, апатты үйдің тұрғындары ұсынысты дұрыс түсінбеген. «Уақытша баспана» дегенді ─ тек жарты жылға берілетін емес, жаңа пәтердің кезегі келгенше тұруға мүмкіндік беретін үйлер. Ал тұрғындардың сұранысы бойынша  кезектен бұрын жаңа пәтердің кілтін беру заң жүзінде мүмкін емес дүние.
Мамандар сондай-ақ «Бәйтерек» шағын ауданынан берілген үйлерге жөндеу жұ­мыстары жүргізіліп, ауыз су мен орта­лықтандырылған газға қосылғанын айтты. Одан бөлек, демеушілік тарапынан 4 қоғамдық көлік  жұмыс істеуде. Қоғамдық көлік сол шағын ауданында тұратын тұрғындардың келісімімен күніне төрт мезгіл қатынайды.
Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы аталған оқиға қала әкімдігінің тікелей бақылауында екенін жеткізді. Бөлім басшысы Б.Далабаев мамандармен бірге қыс түскенге дейін тұрғындарды уақытша баспанаға көшіруге барынша жұмыс істеп жатқандығын айтты.

Аслан ЖАЙҚОНЫСҰЛЫ
06 қараша 2020 ж. 545 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 420 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам