Ресей Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцина өндірісін қолға алуы мүмкін
Ресей Қазақстанда коронавирусқа қарсы "Спутник V" вакцинасының өндірісін бастауы мүмкін деп хабарлайды Кремльдің ресми сайты.
Қазақстанда COVID-19 дертіне қарсы ресейлік вакцинаның өндірісін қолға алу мәселесі президент Владимир Путин мен Қасым-Жомарт Тоқаевтың телефон арқылы сөйлесуі кезінде талқыланғаны белгілі болды. Кремльдің ресми сайтында бұл пандемияға қарсы ынтымақтастық аясында жүзеге асырлуы мүмкін екендігі жазылған. Айта кетейік, осы "Спутник V" вакцинасы егілген үш медицина қызметкерінен коронавирус анықталғанын бұған дейін хабарлаған едік. Мамандардың айтуынша, вакцина екі компоненттен тұрады: адам бірінші инъекциядан соң үш аптадан кейін екіншісін алады. Екінші вакцинациядан соң үш аптадан кейін ғана адам вакцинацияланған және сәйкесінше коронавирус инфекциясынан қорғалған болып саналады, өйткені осы уақыт аралығында иммунитет қалыптасу процесі жүреді. ДСМ хабарлауынша, вакцина қабылдаған бірақ бүгінде COVID-19 анықталған дәрігерлердің иммунитеті, коронавирус жұқтырған кезде мүмкін қалыптасып үлгермеген. Ақ халаттылардың ауру жұқтыруына тек осы себеп бола алады екен.
Дегенмен коронавирусқа қарсы ресейлік вакцина тиімді екенін 92% көрсеткен. Халықты жаппай вакцинациялау алдағы апталарда басталуы керек. Еске сала кетейік, Ресей коронавирусқа қарсы вакцинаны әлемде алғашқы болып тіркеген болатын.