«НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ – БОЛАШАҚҚА БАҒДАР: РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ» КІТАБЫ ОҚЫРМАНҒА ЖОЛ ТАРТТЫ
Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты (KAZISS) дайындаған «Нұрсұлтан Назарбаев – болашаққа бағдар: рухани жаңғыру (мақалалар, сұхбаттар, сарапшылардың пікірлері және анықтама-сараптамалық материалдар)» атты кітаптың тұсаукесері өтті.
Шараға кітап материалдарының авторлары, мемлекеттік органдар, ғылыми-зерттеу институттар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Қазақстан Республикасы Президенті – Елбасы Н.А. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы Қазақстанда да, шетелде де үлкен қызығушылық тудырып,жан-жақты талқыланды. Кітапқа танымал саяси және қоғам қайраткерлері, және шет елдердің ғылыми-сараптамалық қауымдастығы өкілдерінің мақалалары, сұхбаттары мен пікірлері енген. Сонымен қатар, кітапқа ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының Мемлекет Басшысы мақаласының негізгі бағыттары бойынша дайындаған анықтама-сараптамалық және әдістемелік материалдары қосылған.
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Шәукенова Зарема Кәукенқызы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының маңыздылығын, мазмұны мен оның негізіндегі қойылған міндеттердің ауқымдылығын атап өтті. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының жетекші ғылыми қызметкері Ғазиз Телебаев : «Аталған кітап уақытылы шығып отыр, өйткені қазір қоғамда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын терең түсіну, түйсіну үдерісі жүріп жатыр. Сондықтан да оны терең түсінуге қатысты ғылыми ұстаным қажет», -деді.
Сарапшы, саясаттанушы Саясат Нұрбек Мемлекет Басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы қазіргі таңдағы модернизация және институционалдық экономика теориясындағы соңғы зерттеулер аясында маңызды деп атап өтті. Кітаптың мәтінімен ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ – www. kisi.kz сайтында танысуға болады.