Емханаға тіркелу науқаны аяқталды
Елімізде 15 қыркүйек – 15 қараша аралығында емханаға тіркелу науқаны жүргізілді. Нәтижесінде облыста 3939 тұрғын медициналық ұйымды өз еркімен таңдады. Оның ішінде 2511 адам медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету ұйымы арқылы тіркелсе, қалған 1 428-і онлайн қызметті қолданды.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ облыстық филиалының директоры Бақыт Исмаханбетов баяндады.
Өңірде тіркеу науқанына 21 медициналық ұйым қатысқан. Оның 8-і – жеке медициналық мекеме. Келесі жылы кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде тұрғындарға қызмет көрсетеді.
– Бастапқы медициналық көмек көрсететін ұйымды бірнеше жағдайда өзгертуге болады. Егер адам өзінің тұрақты немесе уақытша тұрғылықты жерін, жұмысын немесе оқу орнын өзгерткен болса, басқа елді мекенге қоныс аударса, емхана әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жеткізушілері қатарынан шығып кетсе, тіркеуді ауыстыруға мүмкіндік бар. Бұдан басқа кез келген азаматтың жылына бір рет тұрғылықты жері бойынша емхананы ауыстыруға құқығы бар. Егер тіркелген адамдар шамадан тыс көп болса, денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен қызмет көрсету аймағынан тыс жерде тұратын азаматты емханаға тіркемеуі мүмкін. Жалпы практикалық дәрігердің учаскесінде 1700 пациенттен артық болмауы тиіс,– деді ол.
Тіркелген азаматтар келер жылдан бастап тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және МӘМС жүйесінде медициналық көмекті ала бастайды. Сақтандыру мәртебесін электрондық үкімет порталында, қор сайтында, Telegram-дағы «SaqtandyryBot» және «Qoldau 24/7» мобильді қосымшасы арқылы білуге болады.