Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Мал терісі пұл болатын күн жақын

Мал терісі пұл болатын күн жақын

Дүйім жұрттың сапалы әрі сәнді киім кигенді қош көретіні рас. Соның себебімен таза былғарыдан жасалған, бүгінгі күннің трендіндегі киімді іздеп әлек болатындар аз емес. Шынтуайтында, бүгінгі нарықтағы киім-кешектің жартысынан көбі, яғни Қазақстандағы киімнің 85 проценті шетелде жасалған. Мал шаруашылығы ежелгі кәсібі саналатын қазақтар әлі күнге дейін бұл кәсіптен құр алақан емес. Десе де оның барлық мүмкіндіктерін пайдаланып отыр деуге келмейді.
Бұрын мал терісінің өзінен азын-аулақ тиын тауып, отбасылық қазынасын аз да болса көбейткендер қазір теріні далаға тастауға мәжбүр. Кезінде жаңа сойылған мал терісін илеп, арнайы орталыққа тапсыратын. Қазір отқа өртеп, далаға тастауда. Нәтижесінде ата дәстүр кенде қалып, елдегі жеңіл өнеркәсіптің дамуы тежелуде. Оған басты себеп – тері өңдейтін кәсіпорынның аздығы. Тері қабылдайтын орындарға тұздап, шелдеп, кептірілген теріні тапсыру тиімсіз. Өйткені бағасы 100-200 теңгеден аспайды, еңбекті ақтамайды. Одан бөлек жиылған терінің басым бөлігі экспорттың сылтауымен вагонға тиеліп, шетел асып кетуде. Арзан бағаға кеткен шикізатты кейін өзіміз сапалы өнім ретінде он есе қымбатқа сатып аламыз. Сапалы киім киіп жүргенімізге қуанып, өз-өзімізге сүйсініп жүреміз.
– Қырық жылдан астам уақыт мал бақтым. Жалпы біздің шаңырақта бұл – ата кәсіп. Әкем осы мал шаруашылығының қыр-сырына өзі үйретті. Кейін өзім де іске кірісіп, төрт-түлік асырауды бастадым. Бұрындары мал терісін арнайы илеп, тұздап кептіріп қоятынбыз. Кейін аудан орталығына ет тапсыруға барғанда теріні де өткізіп, азын-аулақ пайда көруші едік. Қазір мал терісі иттен басқа ешкімге қажет болмай қалды. Әр жерде бостан-бос іріп-шіріп жатыр, – дейді Әділ Біркенов.
Жалпы қазақ халқы ХХ ғасырға дейін ұлттық қолөнерінің арқасында талай бұйымды өз қолымен жасаған. Оның ішінде киім тігуге ерекше мән беріп, оны түрлі-түсті өрнектермен әшекейлеген. Мата мен жүннен жасаған тоқыма кілемдер мен киіздер талай шаңырақтың сәнін келтіріп, үйге сұлулық пен жылулық сыйлағаны рас. Таза былғарыдан тігілген аяқ-киімнің өзі сәнді де сапалы кейіпте болған. Ал қазір ше? Қазір бұл «қазақтың ұлттық қолөнері» атауымен тарих бетіне еніп барады. Ұлттық шапан мен көйлек тұрмақ, күнделікті киетін киім тігіп жатқандар санаулы.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, облыс аумағында 356 мың ірі және ұсақ мал басы бар. Соңғы жылдары бұл көрсеткіш 4-6 процентке тұрақты түрде өсіп келеді. Ал олардан жиналған терінің көлемі 49 мың ірі және 96 мың уақ малдың терісі, 600-ге жуық қозының терісін құрайды. Аз көрсеткіш емес екені айдан анық. Себебі бір сиырдың терісінің өзінен 15 жұп аяқ киім тігуге болады. Алайда осыншама тері қайда кетіп жатыр?
Өзімізді мазалаған сұрақтың жауабын білу үшін облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереевке хат жолдадық. Басқарма басшысының мәліметінше, өңірдегі жүннің 30 проценті шетелге экспортталса, 15 проценті бастапқы өңдеуден өтеді. Сонда қалған 55 проценті қайда? Оның да жауабын табуға болады. Жауапты алыстан іздемей-ақ қояйық. Әр ауылдың шетінде жұлма-жұлмасын шығарып, ит тартқан не қоқысқа тасталған. Мұны ешкім жоққа шығара қоймас. Ал сол теріні өңдеп сатса, тіпті өзіміздің шикізаттан киім-кешек тігіп саудаласа экономикаға елеулі үлес қосылар еді. Қырғыздың, қытайдың, түріктің, одан қалды өзбектің киімін киюді азайтар едік.
Жақында облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы ақжолтай хабар жеткізді. Қазіргі таңда өңірде жеке өңдеу өндірісін дамыту мақсатында монғолиялық компаниялармен бірге жүн мен былғары өңдеу жобасы пысықталуда. Осы кезге дейін Монғолия елінің дүние жүзінің нарығына атағы шыққан жүн мен тері өңдейтін «GOBI» корпорациясы және «Дархан Нэхий» АҚ компаниясымен тері мен жүн өндірісін бірлесіп іске асыру бойынша 2 онлайн кездесу өткен.
Қысқасы, аталған жоба жүзеге асса, бүгінде керексіз болып қалған мал терісінің пұл болатыны анық. Мүмкін, осы жобадан кейін өңірде жеңіл өнеркәсіп, соның ішінде киім-кешек тігу кәсібі жанданатын шығар. Қазір елде тәжірибесі мол, жаңашыл идеялары бар дизайнер аз емес. Солардың арқасында сапалы да сәнді киім-кешекті шығарып, шетелге терінің орнына киім экспорттайтын уақыт та келеді әлі.

Аслан НҰРАЗҒАЛИ
28 қараша 2020 ж. 459 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 421 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам