СОЛТҮСТІКТЕ ЖҰМЫС ҚОЛЫ ТАПШЫ
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті студенттер сарайында қалалық жұмыспен қамту орталығының ұйымдастыруымен «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі өтті.
Шараның мақсаты – жастардың мүмкіндіктерін кеңейту, еңбек етуге қабілетті азаматтарды жұмысқа орналастыру, оларды мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпараттандыру. Қалаға Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы әкімдігі және жұмыс беруші мекемелердің өкілдері, Павлодар облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы мен бас мамандары келіп қатысты. Сонымен қатар, өзге өңірлерге қоныс аударып, еңбек етуге ниет білдірген азаматтарға Павлодар облысы бойынша 491, Солтүстік Қазақстаннан 664 бос жұмыс орындары ұсынылды.
Аталмыш жәрмеңке жастарды бос жүргізбей, еңбекпен қамту, сондай-ақ, өз кәсібін ашқысы келетін немесе мемлекеттік қызметке кіргісі келетіндерге арналған.
– Біз Қызылордаға арнайы келіп үгіт-насихат жасап жатырмыз. Себебі, бұл жақта да өз кәсібін ашып, мал шаруашылығымен айналысқысы келетін азаматтар бар. Былтыр осы облыстан 69 адам қоныс аударып, олар қазіргі таңда тұрақты кәсіп көзін тапты, – деді Павлодар облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Меруерт Есенбаева.
Солтүстік Қазақстан мен Павлодарға барған отбасылардың әрбір мүшесіне 35 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаржы бөлініп, үй мәселесі жекеменшік табатындығы, олардың бизнес-идеяларының жүзеге асырылатындығы түсіндірілді.
Таңшолпан КЕНЖЕБАЕВА.