ЖАС ҒАЛЫМДАР ЖЕТІСТІГІ
Оңтүстік Кореяда жыл сайын өтетін «Жас ғалым» халықаралық ғылыми жоба байқауына елімізден 26 өрен жолдама алды. Оның ішінде біздің облыстан қатысқан 4 жерлесіміз де Сыр өңіріне жеңіспен оралды. Бұл жөнінде облыстық өңірлік коммуникация қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «Дарын» қосымша білім беру орталығының директоры Қарлығаш Ақышева мәлімдеді.
Үстіміздегі жылдың 27 ақпан – 6 наурыз аралығында өткен халықаралық конкурсқа 12 мемлекеттен түрлі секция бойынша жас ғалымдар бақ сынады. Сыр өңірінен Дінмұхаммед Ақпан «Риманың гипотезасы және оның салдары, қасиеттері мен шешімі» және Евгений Демиденко «Биологиялық процестердің 4D модельдерін әзірлеу» тақырыбында жоба қорғап бірінші орынды иемденді. Ал, Мағжан Бекетов «Компьютердің көмегімен газдардың концентрациясын анықтау» жобасымен екінші орыннан көрінсе, Диана Валишаева «Арал маңындағы тұрғындардың гематологиялық параметрлерін түзету әдістері» атты тақырыпта ғылыми жобасы үздік үштікті түйіндеді.
– Әр балаға мақсатын таңдауға ерік беру керек. Мен елімнің абыройын асқақтатқаныма қуанамын, – дейді Мағжан Бекетов.
Фариза МАДИЯРОВА,
ҚМУ-діңIV курс студенті.