«АНАҒА АПАРАР ЖОЛ» ФИЛЬМІ БҰҰ-ДАҒЫ КИНОФЕСТИВАЛЬДЕ ЖҮЛДЕГЕ ИЕ БОЛДЫ
Қазақстандық «Анаға апарар жол» фильмі Біріккен Ұлттар ұйымында өткен WeLink кинофестивалінде жоғары бағаланды. Оған әлемнің түпкір-түпкірінен 100-ден астам кино мамандары қатысты.
Бұл туралы 24.kz хабарлайды.
Отандық туынды «Өмір жетістігі» номинациясындағы «Үздік көркем фильм» жүлдесін иеленді. Ананың балаға деген махббаты, туған жерге деген адалдығы мен сүйіспеншілігі Нью-Йорк тұрғындарын тәнті етті. Кинофестивальге түрлі жанрда кино түсіріп жүрген АҚШ, Қытай, Оңтүстік Корея, Судан, Таиланд және Жапония сынды елдердің өкілдері қатысты. Шараның мақсаты кино саласынағы мамандардың басын қосып, тәжірибе алмасу, халықаралық бірлескен жобалар жасауға мүмкіндік беру. Айта кетейік, «Анаға апарар жол» тарихи драмасының Бас продюсері Әлия Назарбаева, ал режиссері Ақан Сатаев. Бұл фильм Испания, Ресей және Хорватияда өткен кинофестивальдарда жоғары марапаттарға ие болған.
«Америкада тұрып Қазақстандағы көшпелі қазақтардың тұмыс тіршілігін көру бір ғанибет. Менің ойымша, ананың балаға деген махаббаты шексіз. Әсіресе баласын күткен кейуананың күнде көшеге шығып, баласын зарыға күтетіні көңіліме қатты әсер етті», -дейді көрермен Сэм Хартсон.
«Өте қызықты мәні бар кино деп ойламыз. Жалпы көптеп осы қазақстандық кинотуындылар көрсетілсе біз әрдайым қуаныштымыз, көруге дайынбыз. Жалпы тарихтағы, кинодағы кезеңдерді қамтитын сюжеттер. Өте қызық болды. Әсіресе индустрия кезеңі жалпы Соғыс жылдарын айқын көрсетті»,- дейді көрермен Багдаулет Муракия.