ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ ПСИХОЛОГИЯСЫ
Бүгінде әлеуметтік желіні қолданбайтындар некен-саяқ. Әсіресе, оған жастардың қызығушылығы тәуелділікке әкелуде. Расымен, күн өткен сайын олардың қатары қатары көбеюде. Оны қолданушылардың көбі – жастар. Дегенмен, арасынан орта, аға буын өкілдерін де кездестіруге болады. Бұл ғаламтор желісінің сананы улап, адам өмірінің бір бөлшегіне айналғанын аңғартса керек.
Осы орайда А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде қалалық ішкі саясат бөлімі мен «Жігер. Абырой. Сана» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Әлеуметтік желі психологиясы» тақырыбында интернет форум өтті. Оған қала әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов, елімізге белгілі блогерлер мен жастар қауымы қатысты.
Форум барысында жастарды желі әдебімен таныстыру, сауатын арттыру жайы таразыға тартылды. Республикалық деңгейдегі Е.Елеукен, А.Ораз, Ж.Болатбек. Н.Құлымбет, А.Шотаев сынды блогерлер өз тәжірибелерімен бөлісті.
Жиында «Қазақстан КВН Одағының» президенті Есен Елеукен ғаламтордың көпшілікке пайдасы мен зиянды тұстарын әңгімеледі. Оның айтуынша, әлеуметтік желі арқылы көптеген жайтты білуге, тың дүниелерді игеруге, тіпті, жеке кәсібіңді жүргізуге де мүмкіндік зор. Оқырмандарыңа пайдалы пост жазумен де өзіңді жетілдіре түсесің. Солай өз-өзіңді дамытуға болады. Сондай-ақ, ұлттық, аймақтық немесе жаһандық нарықта бағасы мен сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуың шарт. Ол жастар қауымына «Мен кіммін?», «Не істеп жүрмін?», «Қайда бара жатырмын?» деген сұрақтар арқылы өзін қалыптастыру керек деген тұжырымдамасын ұсынды.
Ал, блогер Нұрлан Құлымбет «Жағымсыз ақпаратқа қалай жауап беру керек?» деген тақырыпта ойын ортаға салды. Жалпы, әлеуметтік желіде жағымсыз пікір қалдырушылар көп кездеседі. Олардың басым бөлігі жасырын немесе лақап атты иемденеді. Кейде негізсіз ақпарат таратып, қоғамды дүрліктіріп жататын сәттер де болады. Осының барлығын тұтас күйде қабылдайтын қалың көпшіліктің көкейінде тек теріс көзқарас қалыптасады. Бұл ретте блогер берілген ақпараттың дұрыс-бұрысын анықтап, талдау арқылы оның шынайы екеніне көз жеткізу, біреудің жағымсыз ойына назар аудармау керектігін айтады. Оған қоса, желіде айтылатын не жазылатын дүниеге абай болуың шарт. Себебі, әрбір қолданушы желі мәдениетін қатаң сақтауы шарт. Сондай-ақ, сол әрекетің үшін арнайы бап бойынша жауапқа тартылуың мүмкін. Өмірде мұндай оқиғалар жиі кездеседі.
Көпшілікке танымал блогер Аршат Ораз «Желіге тәуелділік никотин мен алкогольге тәуелді болудан да жоғары» дейді. Оның сөзінше, қазір ақпараттың дәуірі. Сондықтан адам санасын жаулауда ақпараттық соғыс жүріп жатқандығын алға тартады. Желі қолданушылар арасында әсіресе, блогерлер арасында белгілі бір мақсатпен не тапсырыспен пост, пікір жазатындар болады. Олардың сөзі санаға белгілі бір деңгейде әсер етеді. Сол себепті кейде халық арасында түсініспеушілік туындап, дау шығады. Яғни, ондағы жазылатын жағымсыз пікірлер қолданушы психологиясына кері әсер етіп, қоғамда орын алған оқиғаларға теріс көзқарас қалыптастырады. Көбісі негізсіз жазылған теріс пікірлерді жақын қабылдау арқылы үлкен қателікке бой алдырады. Бұл ретте әрбір желі қолданушысы барлық ақпаратты талдау арқылы керектісін ғана игеру керек.
Қазіргі уақытта әлеуметтік желінің мүмкіндігі зор. Жасыратыны жоқ, еңбектеген балаға дейін ғаламторға құмар. Осы ретте ата-аналар баласының қандай сайтқа не топтарға тіркелгенін бақылауы қажет. Күнделікті кіретін уақытын белгілеу, шектеу қоюы керек-ақ. Әлеуметтік желіні шектен тыс қолдану психологиялық тәуелділікті арттырмақ. Осыған орай жастарға уақытты тек пайдалы нәрсеге жұмсау, ғаламторды ұтымды қолдана білу керектігі баса айтылды.
Жиын соңында қала әкімінің орынбасары әлеуметтік желіні пайдалану аясында «Блог және блогинг», «Жазу мәнері», «Жаңа медиа технологиясы» тақырыбында өткізілген курсқа қатысып, үздік деп танылған бірқатар жастарға арнайы сертификат табыстады.
Айдана СЕЙІЛ.