ЛӘЙЛӘ СҰЛТАНҚЫЗЫМЕН ЖАҢА ТОК-ШОУ
Бірі – көрікті, қылықты, ақылды келіншек. Енді бірі – сымбатты, қызба мінез, әзілкеш жігіт.

Жобаның түпкі мақсаты – отбасы құндылықтарын насихаттау. Ал бұл жолда кездесетін басты кедергі қандай? Өмірлік серігімізді тыңдап, оның ойын қабылдай алмай жатамыз. Сол себепті авторлар ток-шоудың атын «Өз ойым» деп қойған екен. Бағдарлама қонақтары – сіз бен біз секілді қарапайым адамдар. Әркімнің көкейінде жүрген мәселелер, шешімі табылмай келген сұрақтарға сарапшылар, қоғам қайраткерлері мен танымал адамдар жауап беретін болады. Дегенмен, бұл жобаның тақырыптарына шек қойылмаған – спорт пен шоу-бизнестегі жаңалықтардан бастан отбасылық жанжалдарға дейін талқыға салынатын болады.
Продюсерлердің айтуынша, бұл жобаның басты өзгешелігі – жүргізушілердің жұбында. Осыған дейін ер азамат пен әйел бірігіп жүргізген ток-шоу қазақстандық телевизияда болған емес. Бұл қадам қаншалықты қызықты болса, соншалықты қиын болары сөзсіз. Себебі Ләйлә Сұлтанқызы да, оның әріптесі де осыған дейінгі жобалардың тізгінін өздері ұстап келген болатын. Енді серігіңнің пікіріне құлақ асып, оның мінез-құлқымен санасуға тура келеді.
Бұл жобаның қызықты болуына студиядағы көрермендер де атсалысады. Оның үстіне кесіп-пішуге мүмкіндігі жоқ тікелей эфир болғандықтан, келген әр қонақ жауаптан жалтара алмайды. Талқыланатын тақырыптар аясының кең, көзбе-көз ғана емес, сұрақтарды онлайн жолдауға да болады. Бұл көрермен аудиториясын кеңейтеді.
Сонымен, сейсенбі мен жұма аралығында 7 арнаның тікелей эфирінен жаңа тележобаны тамашалуға асығыңыздар! «Өз ойым» ток-шоуында әр адам өз ойын айтуға құқылы!