«БАЙҚОҢЫР» КЕШЕНІН БІРЛЕСЕ ЖАҢҒЫРТАМЫЗ
Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы және Біріккен Араб Әмірліктері делегацияларының кездесуінде «Байқоңыр» кешенінде бірлескен жобаларды жүзеге асырып, коммерциялық ұшырылымдарды ұйымдастыру туралы шешім қабылданды.
Жұлдызды қалашықта Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы және Біріккен Араб Әмірліктерінің делегациялары кездесіп, ғарыш саласындағы әріптестік мәселелерін талқылады.
Келіссөз қорытындысымен «Роскосмос» агенттігінің бас директоры Игорь Комаров, ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов және БАӘ ғарыш агенттігі директорлар кеңесінің төрағасы Ахмад Белхул Аль-Фаласи ғарыш саласындағы үшжақты әріптестікті кеңейту жөнінде хаттамаға қол қойды.
Тараптар осы жылдың сәуір айында ғарыш айлағындағы әлеуетті жобаларды нақтылау үшін бірлескен жұмыс тобын құру туралы келісті.
– 2017 жылдың аяғында «Байқоңыр» кешенін дамыту жөніндегі бірлескен тұжырымдамаға қол қойылды. Осы тұжырымдама аясында ғарыш айлағына сыртқы инвестиция тарту мәселесі шешілді. Біріккен Араб Әмірліктері жобаға қатысуға қызығушылық танытты. Арнайы жұмыс тобы құрылып, үшжақты келісімге қол қойылды. Жоба аясында 1961 жылы қосылған «Гагарин старты» алаңы қайта жаңғыртылып, «Союз-2» зымыран тасығыштар шығарылатын болады. Әрі қарай мұнда ғарыш саласы ғана емес, басқа да салаларды дамытамыз, технопарк саламыз. Яғни, Байқоңыр кешенінің болашағы жарқын деп ойлаймын, – деді облыс әкімінің орынбасары, «Байқоңыр» кешеніндегі ҚР Президентінің өкілі Серік Қожаниязов.
ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің кеңесшісі Мейірбек Молдабаевтың айтуынша, «Байқоңыр» кешенінде бірлескен жобаларды жүзеге асыру аясында ғарыш айлағының дамуына жаңа серпін беріледі.
– «Роскосмоспен» бірлесе отырып 2050 жылға дейінгі тұжырымдама әзірлеп, бюджеттік қаржыдан тыс, сырттан да инвестор тарту туралы келістік. Міне, енді Біріккен Араб Әмірліктері ұсынылған коммерциялық ұшырылымдарды ұйымдастыру мақсатында старт алаңқайы мен зымыран-тасығышты жаңғырту жобасына қызығушылық білдірді», – деп атап өтті Мейірбек Молдабеков.
Осы жүздесу аясында 21 наурыз күні сағат 23:44-те БАӘ мен Қазақстан Республикасының делегациялары «Союз МС-08» ғарыш кемесінің «Байқоңыр» ғарыш айлағындағы №1 алаңынан ұшырылуын тамашалады.