СИҚЫРЛЫ САНДЫҚША
Әрбір адамның көкейінде ең бір асыл арманы болады. Сондай-ақ, адамда арман таусылмайды. Алайда, арманға жету үшін жолымызда көптеген қиындықтар кездеседі. Қиындықтарды жеңіп шыға алмаған көп адам ақыры ол армандарының мүлдем орындалмайтынын ойлап, оған жету үшін күресуді де доғарады. Психологтардың айтуынша, орындалмайтын арман болмайтын көрінеді. Бастысы, сол армандарыңызға адал болып, олардың орындалатынына өзіңіз сенімді болуыңыз керек. Ендеше, арманға қол жеткізудің мына бір тәсіліне көз жүгіртіп көріңіз. Бәлкім, бұл кеңестер сіздің де керегіңізге жарап қалар...
- Алдымен дүкеннен өзіңізге ұнаған сандықша (шкатулка) сатып алыңыз.
- Сандықшаның қақпағының ішкі жағына «Мұндағының бәрі оңай, әрі тез менің өміріме келеді!» деп жазылған қағаз жапсырып қойыңыз.
- Бұл істі қуанышпен, ешқандай қиналмай, оған тым қатты мән бермеңіз, дұрысы бұл сандықшаны сиқырлы сандық деп қарағаныңыз жөн.
- Бұл сандықшаға өзіңізге ұнайтын автокөліктің, хан сарайындай әсем үйдің, тағы да басқа өзіңізде болуын қалаған заттарыңыздың суреттерін қырқып алып салып қойыңыз.
- Мұны жасағанда бар фантазияңызды іске қосыңыз. Тіпті, осы процестің өзі сізге қуаныш сезімін сыйлауы тиіс.
- Сандықшаны күн сайын ашып, оның ішіндегі заттарыңызға қуана қараңыз.
- Сандықтағы суреттерді көріп болып, оны жабарда, өзіңіз жазған сөздерді қуанышпен, нық сеніммен дауыстап оқыңыз.
- Осы нәрселерді көргенде көңіл-күйіңіз көтеріңкі, оның жақын күндерде өзіңізде болатынына сенген сайын, ондағы заттардың барлығы да бір-бірлеп, ойламаған жерден сіздің өміріңізде пайда бола бастайды.