ГОЛОВКИН МЕН «КАНЕЛО» РЕМАТЧЫНЫҢ ШАРТТАРЫ БЕЛГІЛІ БОЛДЫ
ҚазАқпарат - Golden Boy Promotions компаниясының президенті Эрик Гомес Геннадий Головкиннің промоутері Том Лёффлермен кездескенін мәлім етті, деп хабарлайды sports.kz.
Екі боксшының өкілдері GGG мен Сауль «Канело» Альварес арасындағы екінші жекпе-жекті ұйымдастыруды өз басымдықтары деп есептейді. «Біз дайынбыз. Оған барлық шарттар туралы айттық. Бұл шарттар бірінші жекпе-жектегідей, тек аз ғана өзгеріс енгіздік. Қазір оның хабарласқанын күтіп отырмын. Біз асықпаймыз, бірақ күтетін уақыт таяуда бітеді. Біз айдың аяғына дейін барлығын келісіп алуымыз керек», - деді Гомес. Боксшылардың рематчы 15 қыркүйекке жоспарланған. Қазақстандық пен мексикалық 5 мамырда айқасуы керек болған, алайда Альварестің допинг-тестен өтпей қалуына байланысты жекпе-жек кейінге қалдырылды.