МАҢЫЗДЫ БЕКІНІС БОЛҒАН АҚМЕШІТ
XIX ғасырдың екінші жартысында Сыр бойы қазақтары патша үкіметіне номиналды түрде ғана бағынышты болды. Сырдарияның жоғары ағысында Қоқан хандығы, төменгі ағысында Хиуа хандығы өз шапқыншылықтарын жиі жүргізіп отырды. Қоқандықтар Түркістанды жаулап алғаннан кейін 1814-1817 жылдары Шымқорған, Күмісқорған, Жөлек, Жаңақорған бекіністерін салды. Бұл бекіністердің басты орталығы – Ақмешіт бекінісінің шамамен 1817 жылы іргесі қалана бастайды.
Ақмешіт бекінісі 1830-1840 жылдар аралығында Сыр бойы қазақтарының төл қаласы, сыртқы жаулардан қорғанышы ретінде елдің есінде жатталды. Сондай-ақ, ілім мен білімнің ошағы, қалалық мәдениеттің бастау негізі бола білді. Қаланы барлау жұмыстарынан соң генерал-губернатор Василий Перовский «Ақмешіт – маңызды бекініс, ақылмен салынған, алынуы қиын қамал» деген екен. Бұл уақытта қала Хиуа хандығының ықпалында еді.
Ресей империясының Сыр бойына емін-еркін енуіне Ақмешіт бекінісі негізгі тосқауыл болды. Өйткені, патша өкіметінің Сырдария мен оған іргелес жатқан қазақ жерлерін жаулаудағы стратегиясы мен тактикасы Хиуа хандығының мүддесіне қарама-қайшы келді. Сондықтан патша әкімшілігі Хиуа хандығымен арадағы қарым-қатынасты қасақана шиеленістіріп, оған қарсы әскери жорықтар ұйымдастырды. Орынбор бағытынан оңтүстікке қарай ішкерілеп кіруге әрекеттер жасайды.
Патша өкіметі Сыр бойындағы Хиуа хандығының ықпалын әлсірету мақсатында ру билеушілерін пайдалануға тырысты. Патша әкімшілігі қарамағындағы қазақтардың ру басшыларына — Хиуа хандығының билігін мойындаған қазақ ауылдарына барымта жасауға және одан түскен олжаны өздеріне қалдыру туралы көптеген нұсқау береді.
Патшалық Ресейдің Сыр бойы аймағын өзінің ықпалына қаратуға арналған саясатының нәтижелі болуы 1833 жылы В.Перовскийдің Орынбор әскери губернаторлығы қызметіне келуімен тығыз байланысты. Ол келген бойда Хиуа хандығына қарсы белсенді саясат ұстанды. В.Перовский хиуалық көпестерді қасақана тұтқынға алып екі елдің арасындағы саяси қатынасты әдейі шиеленістірді.
Ресей әкімшілігінің көпестерді тұтқынға алуы және саудаға тыйым салуы Хиуа экономикасы үшін үлкен соққы болып тиді. 1839–1840 жылдары патша өкіметінің Хиуаға жасаған жорығымен бірге дипломатиялық елшiлiктерi сәтсіздікке ұшырады. Бірақ, бұл патша өкіметінің Ақмешіт бекінісін иеленуге деген ұмтылысын бір сәткеде тоқтатпады.
Керісінше, патша өкіметінің қазақ даласын толық жаулауға деген ниеті бұрынғыдан да күшейіп, Сыр өңірін толығымен өз құрамына қосуға жол салды. Себебі, Сыр өңірінде патша өкіметінің нақты билігінің болмауы -жергілікті қазақ халқының көңіл-күйін бақылауға мүмкіндік бермеді. Ал Ақмешіт бекінісін басып алған жағдайда Ресей үкіметі Сыр өңіріне өз ықпалын оңай жүргізе алатын.
Сонымен қатар, бекініс бұл уақытта Хиуа хандығының қарамағында болғанымен, тұрғылықты халқы қазақтар еді. Тарихшылар тарапынан жүргізген зерттеулер және мұрағаттан табылған көптеген құжаттар бұл пікірдің толықтай дәлелдеп отыр. Мәселен, соңғы зерттеулер көрсеткендей еліміздің оңтүстік бөлігінде орын тепкен Жаңақорған, Жөлек, Шымкент, Түркістан, Ташкент және тағы басқа да қалаларды патша әскерлерінен қазақтар қорғаған. Сол сияқты, Ақмешіт, Әулиеата, Мерке, Созақ, Шолаққорған сияқты бекіністердің қорғаушылары түгелдей дерлік қазақтардан тұрған.
Ақмешіт қамалын қорғаған қазақтардың ерлігі ешқашан ұмытылмақ емес. Бекініс сол уақытта стратегиялық жағынан өте маңызды қамал болды. Егер патша өкіметі осы қамалды басып алса, онда Ресей империясы Сыр бойына бақылауын орнатып қана қоймай, бүкіл Оңтүстік Қазақстанға емін-еркін кіруге мүмкіншілік алатын еді. Осы мақсатты көздеген патша үкіметі Орынбор генерал-губернаторы В.Перовскийге Ақмешітті қалайда басып алу туралы тапсырма берді. Патша өкіметінің нұсқауын орындауға кіріскен генерал Ақмешітке баратын жолды барлап, бекініске екі рет шабуыл жасаған. Бірақ, бұл екі жорық та сәтсіз болған. Себебі, қаланың қорғанысы мықты еді. Бұл кезде Ақмешіттің қазақтары да патша өкіметі тарапынан қауіп анық төне бастағасын, бірнеше қауіпсіздік шараларын жүзеге асырған.
Ресей империясына қазақ даласын жаулап алуға 130 жыл жұмсаса, Орта Азияны бар болғаны 20–25 жылда өздеріне бағындырды. Отарлау саясатына тосқауыл болған батыр қамал-қаланың бірі Ақмешіт еді. Патшалық Ресейдің Ақмешітті жаулап алу барысында жүргізген соғыстары мен саясаты, еркіндік сүйгіш қазақтардың бодандықты қабылдамайтындығын, оларды тек қана озық қарудың күшімен бағындыруға болатындығын көрсетті.
Бүгінде екі ғасырлық шежіресі тасқа басылған шырайлы шаһар өзінің іргесі қаланған уақыттан кейінгі екінші онжылдықта осындай тарихи оқуғаларды бастан өткізді. Жергілікті халық бұл кезеңде сыртқы күштерге тойтарыс бере отырып, шаһардың тыныс-тіршілігінің жандана түсуіне зор үлестерін қосты.
Биболат Сағындықұлы