Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ТУҒАН ЖЕРІНДЕ БАТЫРХАН ШҮКЕНОВТІҢ ЕСКЕРТКІШІ ОРНАТЫЛДЫ

ТУҒАН ЖЕРІНДЕ БАТЫРХАН ШҮКЕНОВТІҢ ЕСКЕРТКІШІ ОРНАТЫЛДЫ

   Бүгін, 18 мамыр күні, арамызда болса әнші, композитор, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Батырхан Шүкенов 56 жасқа толар еді.
Әншінің туған қаласы Қызылордада салтанатты түрде ескерткіштің ашылуы рәсімі өтті. Іс-шараға Батырхан Шүкеновтің туған-туысы, достары мен жерлестері қатысты. Сондай-ақ, шараға құрметті қонақ ретінде әншінің жақын досы Байғали Серкебаев арнайы келді. 
Мүсіннің келбеті үшін Батырхан Шүкеновтің «Отан-Ана» клипіндегі қолында саксофон ұстап тұрған бейнесі алынған. Ескерткіштің жалпы биіктігі 3,6 метр, мүсіннің биіктігі – 2,2 метр, материалы – қола; тұғырдың биіктігі 1,6 метр.
Әншінің анасы Диляра Шүкенова облыс басшылығы мен іс-шараны ұйымдастырушыларға өз ризашылығын білдірді.
«Байқауды ұйымдастырып, ескерткішті орнатуға атсалысқан барлық азаматтарға үлкен рахмет. Ұлыма ескерткіш қойып, оның құрметіне саябақтың атын бергендеріңізге өте қуаныштымын», - деді Батырхан Шүкеновтің анасы Диляра Шүкенова.
Өз кезегінде, Байғали Серкебаев ескерткішті Батырханның  музыка өнерінде алғаш қадам басқан орны – Оқушылар сарайының маңында орнатылғаны кездейсоқ емес деп атап өтті.
«Бүгін біз Батырдың туған қаласында, Батырдың өзі әрқашан сағынышпен еске алып, балалық шағын еске алу үшін қайтып баруды армандайтын сүйікті қаласы Қызылордада жиналғанымызға өте қуаныштымын», -  деді Серкебаев.
«Батырхан Шүкеновтің әр әні – нағыз хит. Бір ғана «Отан-Анасын» алайық. Алғашқы нотасы ойналған сәттен-ақ, Алтай мен Атырау арасындағы ұлан-ғайыр даланы еріксіз көз алдыңа әкелетін әннің әсері ерекше емес пе? Елбасының өзі бір кездесуде әншіге «Отан-Ана» – еліміздің екінші Әнұраны» деген екен. Міне, осындай талантты  перзентіне Сыр елі мәңгілік ескерткіш орнатып, ілтипатын білдіріп жатыр. Бұл ескерткіш оның туған қаласының төрінде жарқырап, көркіне көрік қосары сөзсіз. Оның үстіне осы саябақ Батырханның есімімен аталып, келешекте жастардың, әншіні құрметтейтін тұрғындардың жақсы бір демалыс орнына айналар деп сенеміз. Сыр бойының талантты ұлы, өнер тарланы Батырхан Шүкеновтің есімі қазақстандықтардың жүрегінде мәңгі сақталады», - деді облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов.
  Ескерткіштің авторы – мүсінші Мұрат Мансұров. Ол жасаған ескерткіштің жобасы 2017 жылы байқауға қатысқан 8 жобаның ішінде үздік атанды. Ескерткіш Қызылорда облысы әкімдігінің тапсырмасымен орындалды. Естеріңізге сала кетейік, Мұрат Мансұров – «Қазақ елі», «Мәңгілік ел», «Керей-Жәнібек» монументтерінің авторы.
Айта кетейік, Батырхан Шүкеновтің туған күні қарсаңында облыс әкімдігінің қолдауымен Қызылордада ІІ «Отан Ана» республикалық әншілер байқауы өткізіліп, ас берілді. Сондай-ақ, кешке «Отан Ана» байқауының жеңімпаздары мен қазақстандық эстрада жұлдыздары Дильназ Ахмадиева, Ринат Гайсин, Әли Оқапов пен Рүстем Нұржігіттердің қатысуымен гала-концерт ұйымдастырылады. Гала-концерт барысында Батырхан Шүкеновтің репертуарынан танымал әндер орындалатын болады.





18 мамыр 2018 ж. 1 886 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 420 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам