АЛАШТЫҢ АСЫЛ МҰРАЛАРЫ
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы бойынша Ұлттық телеарнаның ұйымдастырған дәстүрлі әнші-термешілер мен күйшілердің «Мен қазақпын» мега-жобасы аясында облыстық тарихи-өлкетану музейі «Сыр өңірінің асыл мұралары» тақырыбында көрме ұйымдастырды. Аталмыш көрмеге Сыр өңірінен жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне енген 12 ескерткіштің фотосутеттері қойылды.
Атап айтқанда, олардың қатарында Ежелгі Шірік-Рабат қалашығы (б.з.д. Ү-ІІ ғғ.), Ортағасырлық Жанкент қалашығы (ҮІІ-ХІ ғғ.), Сығанақ қалашығы (Х-ХҮІІІ ғғ.), Жент қалашығы (Х-ХІҮ ғғ.), Бегім ана мұнарасы (Х-ХІІ ғғ.), Оқшы Ата кесенесі (Х-ХІ ғғ.), Хорасан ата кесенесі (ХІХ ғ.), Христос Спаситель шіркеуі (ХІХ ғ.), Қорқыт ата кешені, Төлегетай - Қылышты кесенесі (2005ж.), Жанқожа батыр кесенесі (ХХ ғ.), Бұқарбай батыр кесенесі (ХХ ғ.) бар.
Сонымен қатар, көрмеге қазақтың ұлттық этнографиялық бұйымдарынан зергерлік бұйымдар, ағаш пен теріден жасалған тұрмыстық дүниелер, ер және әйелдің ер-тұрмандары және шебердің қолынан шыққан қалыңдықтың бас киімі, тастармен безендірілген, үкіленген сәукеле орналастырылып, көрменің сәнін келтірді. Аталмыш көрме қала қонақтары мен тұрғындарын өлкенің қасиетті де киелі орындарымен таныстырып, рухани азық берді. Қазақ халқына ғана тән этнографиялық бай экспонаттар халықты бей-жай қалдырған жоқ. Көрменің мақсаты – музей қорындағы құнды экспонаттарды таныстыру, Сыр өңіріндегі киелі орындарды насихаттау. Өткенге ой жүгірту, ескіні жаңғырту, тарихыңды тану, зерделеу – рухани жаңғыру екені даусыз. Халық көненің көзіндей болған дүниелер талай замандардың тірі куәлары екенін түсінгендей болды. Көрмені барлығы 300-ге жуық адам тамашалады.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.