ТҮРКІ ХАЛЫҚТЫН ТӘНТІ ЕТКЕН ОРКЕСТР

Өнер ұжымы өзіндік ерекшелігімен, кәсіби орындаушылық шеберлігімен облыстың мәдени өміріне белсене араласады. Соның нәтижесінде тыңдарман қауымның ыстық ықыласына бөленіп жүр. Мәселен, 2008 жылы Астана, Алматы қалаларында, 2009 жылы Елорда төрінде өткен Қызылорда облысының мәдениеті мен өнер күндері аясындағы «Сыр – Алаштың анасы» атты бағдарламаның ашылу, жабылу салтанаттарында өнер көрсеткен аталмыш ұжым Есіл жұртшылығының зор ықыласына бөленген. Сондай-ақ, 2009 жылы облыс әкімінің қолдауымен Қызылорда қаласының 190 жылдығына арналған «Сырдария саздары» атты халықтық ұлт-аспаптары оркестрлері мен ансамбльдердің облыстық фестиваліне қатысып, оркестр дипломмен марапатталды. 2010 жылы Ақтөбе қаласында өткен халықаралық «Жұбанов көктемі – 2010» халық аспаптары оркестрлері және ансамбльдер фестивалінде жүлделі ІІІ орынды иеленген.
Оркестр халық аспаптарында шебер ойнап, әсем әуезімен халықты баурап әкетеді. Қазақтың халық әндерінде терең мағына бар екені анық. Сондықтан болар құлақ құрышы қанғанша тыңдап, ерекше әсер алуға болады.
Аталмыш өнер ұжымы үстіміздегі жылы Түркия еліне барып, қазақ өнерін паш етті. Сапар барысында ән мен күйден шашу шашып, рухани азық сыйлады. Өзге елдің өнер сүйер қауымдары біздің ұлттық аспаптарымыздың əуезді үнін естігенде ерекше таңданыспен тыңдайтыны анық. Олардың ішінде қазақтың ұлттық аспабы – домбыра да бар. Домбыраның өкініш пен мұңды, қуаныш пен сағынышты баяндайтын ерекше үні бар. Әсерлі үнді естір құлаққа жеткізе білу – өнер иелері үшін үлкен бақыт.
Өңіріміздің дарынды өнерпаздары әркез жергілікті халықтың көңілін баурап, жан сарайын жадыратып жүр. Ұлттық музыканы ұлықтауды мұрат еткен Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі Сыр елінің мақтанышы.
Айтолқын АЙТЖАНОВА.