ҚЫРЫҚ КҮН ШІЛДЕ
Қаһарлы қыстан төрт көзі түгел шығып, көктемді күлімдей қарсы алған жұртымыз, көзді ашып-жұмғанша жаз мезгілін де орталап қалды. Қырық күн шілденің алғашқы он күндігін де артқа тастадық. Десе де, шілденің шіліңгір ыстығының беті қайтар емес. Ал, жылда болатын мұндай аптапқа қала тұрғындарының еті үйренген. Бірі қарайған көлеңкені паналаса, бірі салқындатқыштың көмегімен жан сауғалап жүрген жайы бар.
Бір айта кетерлігі, күшіне мінген шілденің қызу мінезі қан қысымы жоғары кісілердің жедел жәрдемге жүгінген көрсеткішін де күрт жоғарылатып отыр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, жаздың жетінші айы басталғалы бері дәрігерлер көмегіне жүгінушілер саны салыстырмалы түрде өскен. Әсіресе, бұл көрсеткіш соңғы 4-5 күнгі ыстықта тәулігіне орта есеппен 1500-1600 адамға, ал жедел-жәрдем шақырушылар 1100-ге жеткен. Олардың басым көпшілігін қан қысымы жоғары және жүрегі жиі сыр беретін науқастар құрап отырған көрінеді. Сондай-ақ, арасында іш ауруымен түскен кішкентай балалар да бар. Жағдай қалыпты, емханалар күшейтілген қызмет режимінде жұмыс жасап жатыр. Мамандар күннің тікелей жоғары температурасынан соққы алған адамдардың жоқ екенін айтады. Ал, тұрғындардың мейлінше ауа-айының ыстығы басылмайынша жол жүріп, күнге шықпай, сақтанғаны дұрыстығын алға тартады. Расында, ми қайнатар аптаптың беті қайтпай, күн көзінде ұзақ жүрудің денсаулыққа тигізер зардабы орасан. Сондықтан "Сақтансаң, сақтаймын" демекші ауаның қызу қысымынан қорғайтын түрлі амалды жасап, күн өтуден сақтайтын бас киім киіп жүрген абзал.
Ал, дария жағасы мен қаладағы жағажайдың барлығы құжынаған адамға лық толы. Үй мен даладағы тынысты бітейтін тымырсық ауадан қашқан жұрт суға түсіп, бой сергітіп әлек. Бірақ, оның да соңы қайғылы жағдайға әкеп соғуда. Мәселен, облыста екі күннің ішінде 5 адам суға батып, тұңғиық құрбанына айналған.
Үлкендер қауымы жаздың ми қайнатар бұл аптабын халқымыздың ертеден қалыптасқан "Қырық күн шілде" амалымен байланыстырады. Қазақ таным-түсінігіндегі аталмыш ұғымның жайдан-жай туындамағаны белгілі. Данышпан қазақ маусым айының 26-сы мен тамыздың 5 жұлдызына дейінгі болатын аптап ыстықты осы қырық күн шілде амалына сыйдырған. Шамадан тыс жоғары қысымды көрсететін бұл айды кейде "Ұлы шілде" деп те атаған. Жалпы, зерттеуші ғалымдардың айтуынша, шілде сөзі парсы тілінің "Чіллә", яғни қырық деген сөзінен шыққан көрінеді. Кейін тілімізге еніп, дыбыстық өзгерістерге ұшыраған бұл сөз шілде атауына ауысқан.
Үлкен атамыз көзі тірісінде шілдеде құдықтағы су қайнайды деп отырушы еді. Сонда күннің бет қаратпас ыстығын айтқан ғой. Негізі, ежелгі жыл санау бойынша осы айдың жиырмасына жақын Таразы жұлдызы туып, таң салқындай бастайды екен. Қазақтың «Таразыда таң суиды» деген аталы сөзі осыдан қалса керек. Кейде бұл амал түрін «Суыр» деп те атап жататындығын естігенбіз. Негізі, бұл сөзіміздің жаны бар. Өйткені, тілдегі «сұмырай» сөзі «суыр айы» деген мағынаға саяды екен. Халқымыздағы «Сұмырай келсе су құриды» деген мақал осыдан шыққан деседі. Яғни, шіліңгір шілде басталса, құрғақшылық артатындығын осылайша меңзеген. Ал, синоптик мамандар көпшілікті әбігерге салған бұл аптап айдың соңғы күндеріне дейін жалғасатындығын тұрғындар назарына салады.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.