ҚЫЗЫЛОРДАДАН - МӘСКЕУГЕ
Дүйсенбінің таңында Қорқыт ата әуежайына «Мәскеу-Қызылорда-Мәскеу» бағытына қатынайтын Airbus A 320 әуе кемесі сәтті қонды. Ресейлік «Аэрофлот» әуе компаниясының ұшағы алғашқы рейсте 139 жолаушыны Сырға жеткізді. Жаңа әуе бағыты бойынша ұшақтар аптасына 4 рет қатынайды. Яғни дүйсенбі, сейсенбі, жұма, сенбі күндері көрші елдің астанасынан қонақ күтіп немесе шығарып салуға болады. Бұған әсіресе Ресей елінде оқып жатқан Сыр жастары қуанышты. Алғашқы халықаралық әуе тасымалына дайындық мамыр айында басталған. Қорқыт ата әуежайының ұшқыш, стюард және басқа да техникалық қызметкерлері Мәскеуден келген «Авиациялық аэрофлот мектебінің» мамандары әзірлеген оқу-сынақтан өткен. Сондай-ақ, Мәскеуге қатынайтын Airbus А 320 және 321, Boeing 737 әуе кемелерінің техникалық даярлығы да толық тексерілген. Бұл жолғы жолаушылардың дені жұлдызды қалашық – Байқоңырды бетке алды. Байқоңырдан әуежайға арнайы қатынайтын жайлы автобустар желісі іске қосылған.
"Ақмешіт-ақпарат".