Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ОБЛЫС ОРТАЛЫҒЫ АТАЛҒАН ЖЫЛДАР

ОБЛЫС ОРТАЛЫҒЫ АТАЛҒАН ЖЫЛДАР

   1930-1940 жылдар аралығы қазақ тарихындағы ең ауыр кезең болды. Бүкіл әлем екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында тұрған уақыт еді. Біздің халқымыз да ашаршылық жылдардың ауыртпалығы мен қуғын-сүргіннің қанды шеңгелін басынан кешірді. Осы күрделі кезеңде Қызылорда қаласының тыныс тіршілігі жайында мұрағат деректерінде мол мағлұмат сақталған.
Әлеуметтік-саяси өмірдің қарама-қайшылығы шиеленіскен 1938 жылдың қаңтарында Қызылорда облысы құрылып, қала облыс орталығына айналды. Осылайша Сыр өңірі тарихында тағы бір оқиға айшықтала түсті.
Қазір Сырдың ақ маржаны дүниежүзінің бірнеше елдеріне экспортталады. Олардың қатарында Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан секілді алыс-жақын шет елдер бар. Сол бір кезеңде күріш дақылын егудің қыр-сырына қаныққан жергілікті жұрт биқандыққа бет бұрды. Ал ол кезде шаһарда кеңес үкіметінің бірінші бесжылдығында салынған күріш зауытының жұмыс қуаты тәулігіне 72 тонна күріш ақтау болатын.
1938 жылы бұл зауыт 78,1 тонна күріш ақтауға қол жеткізген. Сөйтіп, сол жылы жоспарда көрсетілген 26900 сомның орнына 42700 сом пайда келтірген. Бұл зауыт алғашында ағаш, отын, сексеуілмен жұмыс істеп, кейін өз отынына – күріштің қауызына көшкен.
Ал Қызылордадағы сыра зауыты 1880 жылы салынған. Ол қазан төңкерісіне дейін Иванов деген кісінің жеке зауыты болып келген. Төңкерістен соң «Қазсыра» зауытына айналды. Зауыт сол уақытта өз өнімдерімен Шымкент, Жосалы, Қазалы және қаланың өзін қамтамасыз етті.
Қызылордадағы 8 техникумда 1808 студент білім алды. Мұражай ашылып, небәрі 13 балабақша жұмыс істеді. Балабақшаларда 736 бала, 59 тәрбиеші болды. Облыс халқы 29 денсаулық мекемесінің қызметін пайдаланды. Жаңақорған курорты елге өз қызметін ұсынды. Қызылорда қаласының тұрғын үй қоры 78100 шаршы метрді құрады.
Қызылордалықтарға электростанция қызмет көрсетіп, жылына 613400 кв.сағат электр энергиясын өндірді. Осылайша қаланың 25 нүктесі электр жарығына қосылған.
1937 жылы корейлердің Қиыр шығыстан Қазақстанға жер аударылып келуіне байланысты корей институты келіп орналасты. Қазақ үкіметінің қаулысымен бұл оқу орны Қызылорда педагогикалық институты болып қайта ұйымдастырылып, 1937 жылдың қазан айынан жұмысқа кірісті.
Қасіретті 1938-39 жылдарда қала тіршілігі осындай жолдардан өтіп жатты. Запыран уақыттың уыты жазықсыз жандардың көзінен қанды жас ағызды. Соңғы мәліметке сүйенсек, облыс бойынша 4196 адам жазықсыз жазаланған, 300 адам ату жазасына кесілген. Ал мұражайдағы дерекке қарасақ, жазықсыз жазаланғандардың ұзын саны 4224 адамды көрсетеді. Олардың ішінде 2043-і қазақтар екен.
1939 жылғы 1 қаңтардағы мәлімет Қызылорда қаласының жер көлемі 78 мың шаршы метр екендігін айтады. Қала халқына екі автобус қызмет етіп, 16 мың адамды тасымалдаған. Сондай-ақ, 41 адамға арналған бір қонақ үй, 82 адамға арналған бір монша қызмет көрсеткен. Сол жылы шаһардағы тұрғындар саны 47 мың адам болды.
Соғыс жылдары алдында құрылған Қызылорда облысының әлеуметтік-саяси өмірі осылайша жалғасып жатты. Одан кейінгі сын сағат фашистік Германияға қарсы Ұлы Отан соғысына ұласып кетті.



Биболат Сағындықұлы
24 шілде 2018 ж. 1 127 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 442 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам