ЖЕР ЗАҢНАМАСЫНДА ӨЗГЕРІСТЕР БАР
Қазіргі таңда кәсіпкерлердің жер алу мүмкіндігі жеңілдемек. Бұл туралы жер заңнамасындағы өзгерістерде кеңінен айтылған.
– Елімізде кәсіпкерлікті қолдау мақсатында Елбасы қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына сәйкес жер заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Онда шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізуге арналған жер учаскелерін қоспағанда, жер учаскесіне құқық беруді сауда-саттықта (конкурстарда, аукциондарда) жүзеге асыру қажеттігі себебіне байланысты осындай құқық беруден бас тартылған жағдайда жергілікті атқарушы орган сұралып отырған жер учаскесі бойынша сауда-саттықты жер учаскесіне құқық беруден тас тарту туралы шешім қабылданғаннан күннен бастап күнтізбелік тоқсан күннен кешіктірмей өткізіледі. Ал, бұл жүйе бүгінге дейін ауылдық жерлерде 6 айда не 9 айда бір рет өткізіліп тұратын. Енді міндетті түрде 90 күн ішінде заң талаптары орындалуы тиіс, – деді өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Қанат Нұрманов.
Сонымен қатар, бұған дейін тұрғын үйіңіздің бір бөлігінен кәсіпкерлік нысан ашу үшін нысаналы мақсатын кәсіпкерлік мақсатқа ауыстыру қажет болатын. Енді бұл туралы заңға да өзгерістер енді. Егер сәулет, құрылыс бөлімі сіздің жер учаскеңізді коммерциялық аймақ деп таныса, онда оның нысаналы мақсатын өзгертуге ешқандай міндетті емессіз. Қуанарлығы, құжаттар дайындаудан арыласыз, салық төлеуден үнемдейсіз. Тіпті, жерге берілген мемлекеттік актіні де өзгертпесеңіз де болады. Тиісті мемлекеттік органдар да нысаналы мақсатын өзгертуге міндеттей алмайды
Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ.