ҚАЗАҚСТАНДА «ДИСНЕЙЛЭНД» САЛЫНБАҚ
Алматы облысында салынатын «Happy Land» отбасымен көңіл көтеру паркінің құрылысына инвесторларды іздеу бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Бұл туралы «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясы» АҚ Алматы қаласы бойынша өкілдігінің директоры Жандос Оразалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Саябақ Қазақстанның туризм саласын дамыту концепциясы аясында салынбақ. «Бұл жоба туристерді тартуға септігін тигізеді.
«Диснейлэнд» секілді кешенді салу үшін инвестиция қажет. Қазір біз Катар және БАӘ компанияларымен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Әлі нақты шешім қабылданған жоқ. Инвесторларды іздеу жұмыстары жүріп жатыр», - дейді Ж.Оразалиев.
Оның сөзіне қарағанда, «Happy Land» саябағын салуға 200 млн АҚШ доллары қажет. Кешенде ірі сауда, ойын-сауық орталығы, кафетерий, қонақүй бой көтереді. Жоба 198 гектар ауданды қамтиды.