Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ҚАЗАҚСТАНДА ЖАСАЛҒАН НЕМЕСЕ ЕЛІМІЗДЕ КИІМ ӨНДІРІСІНІҢ ДАМУЫНА НЕ КЕДЕРГІ

ҚАЗАҚСТАНДА ЖАСАЛҒАН НЕМЕСЕ ЕЛІМІЗДЕ КИІМ ӨНДІРІСІНІҢ ДАМУЫНА НЕ КЕДЕРГІ

Соңғы уақытта елімізде қабылданған индустриалды-инновациялық бағдарлама бойынша көптеген жобалар қолға алынды. Соның ішінде жеңіл өнеркәсіп саласына мемлекет тарапынан айтарлықтай көңіл бөлініп келеді. Қазақстанда жеңіл өнеркәсіптегі киім шығаруөндірісін қолға алып, дамытуға керекті шикізат көздері бар.

Егемен елімізде жеңіл өнеркәсіп көпсалалы өндірістің қатарына жатады. Оған тоқыма, тігін, мақта, мата, былғары тері илеу салалары кіреді. Сөйте тұра, аса қажетті бірінші кезектегі тауарларды шетелден әкелеміз. Қалай болғанда да импортқа тәуелдіміз. Ал, сарапшы мамандардың айтуы бойынша экономикалық тәуелділіктен арылу үшін біз өзімізді кем дегенде 30 пайыз тауармен қамтып отыруымыз қажет көрінеді.
Кеңес Одағы  кезеңінде мұндай өнеркәсіп бізде ең дамыған саланың бірі болды. Тіпті, көрсеткіш бойынша республикамыздағы осы саланың үлес салмағы 15,5 пайызға жетіп, ел бюджетінің 25 пайызын құраған екен. Есесіне, арзанқол тауарымен қазір дүниежүзін «жаулап» алған Қытайда да бұл көрсеткіш біздікінен төмен болыпты.
Мамандардың зерттеуінше, тігін өнеркәсібі жағынан дүниежүзі бойынша оның дамыған аймақтары Шығыс, Оңтүстік Азия, ТМД, Еуропа елдері. Мақта-мата өндірісі – Қытай, Үндістан, Ресей, АҚШ, Жапония, ал, химиялық талшық – АҚШ, Үндістан, Жапония, Корей мен Тайвань елдерінде дамыған. Енді оны өндіру жағынан Еуропа көш бастаса, одан кейін Азиядағы мемлекеттер, Америка, Қытай, Италия, Жапония, Бразилия, Франция, Тайланд, Ұлыбритания, Аргентина тұр.
Ал, біздің елде бүгінде еңсе тіктей алмай жүрген саланың бірі – киім тігу. Киім дегенде оған шұлық, көйлек, костюм, пальто, плащ, куртка, әйтеуір жылдың төрт маусымында киетін түрлері жатады. Жасыратыны жоқ, экономикалық дағдарыс орын алған өтпелі кезеңде бұл өнеркәсіп біраз қиындықты бастан кешті. Жеңіл өнеркәсіп көшбасшылары атанған біршама кәсіпорындардың жұмысы тоқтады. Кейбірі мүлдем жабылып қалды. Оның ішінде Қызылордағы аяқ киім, тігін фабрикалары да бар болатын. Міне, осындай келеңсіздік кесірінен кезінде еліміздің жалпы ішкі өнімінің 15 пайызын құраған тігін және тоқыма саласы бүгінде төменгі көрсеткішке дейін құлдырап кеткені белгілі.
ҚАЛАДАҒЫ ӨНЕРКӘСІП ЖАЙЫ
Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары бұл мәселе назардан тыс қалмады. Бүгінде қайта қолға алынды. Қазір арасында ауқымы кең тігін фабрикаларының да бары көңіл қуантады. Өйткені, біріншіден – өз өніміміз өтеді. Екіншіден – адамдарға жұмыс табылды.
Қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Жанмұрат Сейілов бұл бағытта оң өзгерістерге тоқталды. Жыл басынан бері 1885 жаңа жұмыс орны ашылды. 2018-2020 жылдарға арналған жаппай кәсіпкерлікті дамыту жол картасының іс-шаралар жоспары бекітілді.
– Мемлекеттік қолдау аясында бағдарламалар бағытымен қаржыландыру кеңінен жүзеге асуда. Әрине, Қазақстанның жеңіл өнеркәсібін Қытай, Италия, Түркия сияқты жетекші елдердің өнеркәсібімен салыстыруға болмас, бұл саланың даму деңгейін жақсарту үшін көп нәрсе керек. Дегенмен, бізде де жыл өткен сайын өнім өндіру көлемін ұлғайтып келе жатқан бірқатар табысты кәсіпорындар бар, – деді бөлім басшысы.
Иә, қалада жеңіл өнеркәсіппен айналысатын бірнеше кәсіпорын бар. Олар көбіне тоқыма бұйымдары мен киім өндіреді. Айталық, арнайы мақсаттағы тапсырыспен киім, перде, ерлер жейдесін, ұлттық және мектеп формаларын, қап, астар тігетін мекемелер халықтың игілігі үшін қызмет етуде. 
СЫРТТЫҢ ТАУАРЫНА НЕГЕ ҮЙІР?
Осындай қызмет түрлері болса да, біз күнделікті қажетті киім-кешек пен басқа да өнеркәсіп тауарларын шетелден тасымалдаймыз. Қаланың базарында, қаптаған сәнді сауда орталығында, арнаулы дүкендерде шетелдік киім-кешектер самсап тұр.
Жалпы, жеңіл өнеркәсіпке ерекше маңыз беретін Корея, Жапония сияқты елдер 70-80 пайыз өз өнімдерін тұтынады. Яғни, ең бірінші – тұрғындар үшін бұл жұмыс орны. Мысалы, Қытай, Үндістан, Түркияда осы салада халқының 20 пайызы жұмыс істесе, Қырғызстанда 30 пайызы кәсіппен өз нәпақасын табады. Ал, Қазақстанның халқы сырттан әкелінген дайын өнімдермен киініп отыр. Бір қарағанда, еліміз 3 мемлекетке инвестиция салып отыр деуге болады. Яғни, біздің ақшаға ол жақта қосымша жұмыс орындары көптеп ашылуда. Керек десеңіз, бізге сырттан келетін киім-кешек тонналап келеді.
Бір жағынан отандық жеңіл өнеркәсіп нарығына Қытай үлкен әсер етіп отыр. Жыл өткен сайын өсіп бара жатқан өнеркәсіп өнімдерін сырттан жеткізу біздің тауарларға айтарлықтай бәсекелестік тудыруда. Расымен де біздегі сауда-саттықта бәсекелестік жоқтың қасы.
«DALATEX» ӨНІМІ АЛДА
Қызылордада ерлер жейдесін тігетін тігін фабрикасы бар. Ашылғанына азғана уақыт болған аталмыш мекеме бүгінде қазақстандық нарыққа отандық өнімді шығарып отырған бірден-бір компания.
Жуырда аймағымызда өткен «Қазақстанның үздік тауары» көрме-конкурсына қатысып, «Халыққа арналған үздік тауар» атауы бойынша 1 орынды иеленді. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында несие алып, киім тігуді бастаған компания, өз өнімін шетелге экспорттауда. Тігін фабрикасы толығымен ерлер жейдесін тігуге арналған. Онда барлық технологиялық үдеріске қажетті заманауи озық жабдықтар қойылған. Түркиядан әкелінген тігін машиналары тігу кезінде қажетті істің бәрін атқарады. Одан бөлек, серіктестік 35-тен астам адамды жұмыспен қамтып отыр.
Тігін фабрикасының жетекшесі, «DALATEX» ЖШС директоры Ділмұхамед Әбізов:
– Қандай да бір істі бастау қиын. Әйткенмен, оны жүзеге асырып, көздеген мақсатқа жеткізуді ойласа, бәрі қалыпқа келеді деп ойлаймын. Басында тауарды шетелден әкеліп, жергілікті базарда саттық. Бірақ, кейіннен өңірде де ерлер киімін тігумен айналысуға болатынын түсіндік. Қазір мектеп маусымына қарай оқушылардың жейдесі тігілуде, – дейді басшысы.
Қазіргі күні көпшіліктің көзайымына айналған цех өнімін Қазақстанның барлық аймақтарына және Ресейдің Астрахань, Екатеринбург қалаларына экспорттап отыр. Бүгінде фабрикада күніне 300-500 дана көйлек тігіледі. Келешекте айына 10-12 мың өнім дайындау жоспарланып отыр. Сатып алушыларға ыңғайлы болу үшін еліміздің өзге де өңірлерінен сауда қоймаларын ашу ойда бар.
«АЛТЫН АДАМ» ЖАРАП ТҰР
Ерлер жейдесі қаламыздың бірнеше сауда орындарында сатылуда. Соның бірі – «Фристайл» сауда үйіндегі «Алтын адам» отандық тігін фабрикасының өнімін сататын бөлшек орын. Егер ерлерге арналған киім іздеп, осы жаққа бара қалсаңыз, сізді жылы шырайлы саудагерлері күлімдеп қарсы алады.
Қай жақтың өнімін іздедіңіз, қайсысы жарасады? Талғамыңызға сай бәрі бар. Сапасына қарай бағалары да әртүрлі. Аталмыш тігін фабрикасының облыстағы ресми дистрибьюторы Бексұлтан Бақыттың айтуынша, мұнда Түркияның да, отандық жердің де костюм-шалбары, Алматыдан шыққан аяқ киім, «DALATEX»-тің ерлер жейдесі тиімді бағада сатылуда. Яғни, мектеп жейделерінің бағасы 1500-3500 теңге аралығында болса, үлкендерге арналғаны 4500-ден 7000-ға дейін барады.
– Өзім заңгерлікті бітіргенмін. Бірақ, бала кезімнен анамның жанында жүріп, сауданың қыр-сырын үйрендім. Содан да болар, осы жолды таңдадым. Қазір «Алтын адаммен» тікелей жұмыс жасағанымызға 3 жыл болды. Басында қиын болғанымен қазір ретке келтірдік. Сауда жүруде. Өйткені, өз тұтынушыларымыз баршылық, – деді Бексұлтан.
– Жалпы, отандық өнімге сұраныс қандай?
– Біздің халықта мынадай пікір қалыптасып кеткен. «Тауар Түркиянікі болса, сапалы» деген көзқарастан арыла алмай келеміз. Өйткені, келген адам бірден сырттың тауарын ұстайды. Ал, өзіміздің өнімді сапасыз деп ойлайды. Жарнаманың жоқтығынан ба, бәсекелестік аз ба екен... Осындай мәселелер кездеседі. Сондай сәтте өзім саудагер ретінде түсіндіруге тырысамын. Кей костюмдер бар, матасы-Түркиянікі. Тек Қазақстанда тігілген. Міне, осындай киімдер сапалы болады. Шындап келгенде бәрі матаға байланысты, – деді отандық өнімді сатумен айналысатын саудагер.

Көпшілік отандық өнімнің бағасын қымбат деген пікір айтады. Бағасының жоғары болатын себебі, олар тауарды сырттан жеткізеді. Өйткені, бізде мата өндірілмейді. Оған оның тасымалы, тігу секілді қызмет түрлері қосылады.
Бірақ, уақыт өте келе, қала халқы бұған да үйреніп келеді. Себебі, үнемі осы жақтан арнайылап киім алатындар қатары көбеюде. Айтпақшы, Бексұлтан жақында «Даму» қоры арқылы несие алып, жаңа істі бастағалы отыр. Ол – галстук тігетін цех ашпақшы. Яғни, өздері тігіп, өнімді сатумен айналысатын болады. Егер осы ой жүзеге асырылса, біраз адам жұмыспен қамтылмақ.
ОТАНДЫҚ КИІМДІ КИЕДІ
Ойланып қарасақ, кейбірі сырттың тауарын қолдап жүр. Олар үшін Түркия дегеніңіз брендке айналғандай. Бағасы қымбат болса да, соны алу керек деген ой тұрады. Өйткені, «Түркияда жасалған» деген аты бар.
Ал, «Қазақстанда жасалған» деген атауды қолдайтын қала тұрғыны Болатбек Тәуіпбаев отындық өнімді тұтынып келеді. Ол да осы «Алтын адамнан» киінгенді ұнатады.
– Біздегі жұмыс көбіне костюм-шалбар киюді талап етеді. Сондықтан өзіміздің өнімді алғанды жөн көремін. «DALATEX»-тің жейдесін де киіп көрдім. Бағасы қонымды. Әрине, әлі де болса, отандық өнімді қолдау, түсіну жағынан мәселе бар. Бірақ, қазақстандық азамат болған соң өз өнімімізді қолдауымыз қажет деп ойлаймын, – деді Б.Тәуіпбаев.
БІЗ НЕ ТҮЙДІК?
Иә, әлі де болса, отандық жеңіл өнеркәсіпті дамыту керектігін түсіндік. Әйткенмен, мемлекеттік бағдарламалардың арқасында әртүрлі кәсіптер қолға алынуда. Тек оның жарнамасы жақсы болуы шарт. Себебі, қай кезде де жарнамасы мықты жүрген тауар өтімді келеді. Ал, жарнамаға қарай сапасы да жоғары болуы тиіс. Өйткені, қазір барлық адамның талғамы да орасан зор. Көзі ашық, көкірегі ояу.
Екіншіден, бағасы көптің қалтасын көтеретіндей болса. Неге десеңіз, қазір екінің бірінің жағдайы ірі немесе орташа сауда үйлерінен киіне беруге шамасы келмейді. Сол себептен олар базардағы Қырғызстан мен Қытайдан келген өнімнің саудасын жүргізеді. Міне, нарық дегеніңіз осылай...


Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.
13 тамыз 2018 ж. 3 066 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 421 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам