Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ІЗГІЛІК МЕРЕКЕСІ

ІЗГІЛІК МЕРЕКЕСІ

  Мұсылман қауымның ұлық мерекесі – Құрбан айт биыл тамыздың 21-23 күндері тойланады. Айт намазы Қызылорда облысы бойынша барлық мешіттерде таңғы сағат 07. 30-де оқылады. Намаздан кейін жамағат бір-бірін құттықтап, қал-жағдай сұрасып, марқұмдарға құран бағыштап, дос-жаран, ағайын-туыстың үйіне барғаны абзал. Жалпы, бұл мейрам жан жадыратар, адамды жақындастырар, сыйластық пен жылылықты арттыратын, кешірім және мол игіліктен тұрады.
Тазалықтан бастау алатын мейрамға мешіттер дайындығына айрықша мән берілген. Биылғы айттағы айтулы күндер ерекше аталып өтпек. Дін өкілдерінің мәлімдеуінше, халыққа арналған ең маңызды шаралар облыстық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінде өтеді деп жоспарлануда. Ал, қаладағы басқа мешіттерде айт намазы оқылып, құрбан шалынады.
Қалалық «Айтбай» мешітінің наиб имамы Қайырбек Отызбаев:
– Қасиетті мереке күндері қоғамдық орындарда «Құрбан айт мүбәрак болсын!» деген жазуы бар тәттілер мен сусындар тарату ойда бар. Оны «Шын жүректен» еріктілер тобы мен жастар жүзеге асырмақ. Мұндағы басты мақсат – халыққа сәл де болса, мерекелік көңіл-күй сыйлау, – деді.
Үш күнге созылатын мереке жыл сайын хижра-мұсылман күнтізбесі бойынша зүлхижа айының оныншы жұлдызында, Ораза айттан 70 күн өткеннен кейін басталатыны барша жұртқа белгілі. Бұл күні барлық жамағат мешіттерде айт намазын оқып, айтулы мерекенің ең маңызды рәсімі – құрбандық шалады.
Сонымен қатар, құрбан шалушылар да, көмекке мұқтаж жандар да көп. Соған орай қайырымдылық шаралары да назардан тыс қалмайды. Алла елшісінің хадистері күллі мұсылман жұртшылығын  бір-біріне жанашыр болуға, қамқорлық жасауға, қиналғандарға көмектесуге, жағдайы нашарларға қарасуға, өзара мейірімді болуға  шақырады.
– Иман – әділетті, мейірімді, берекелі қоғамның ұйытқысы. Сондықтан біз ұлық мерекемізді насихаттауға, құрбандық шалу дәстүрімізді жандандыруға, қоғамда қайырымдылық шараларының көптеп ұйымдастырылуына анағұрлым көбірек көңіл бөлгеніміз абзал. Құрбандық шалу – ислам дініндегі міндет, оны әрбір мұсылман баласы санасына сіңіргені жөн, – деді Қ.Отызбаев.
Дін өкілдері құрбандыққа шалатын малға аса мән берілгені жөн екендігін атап өтті. Айталық, оған бір жасар қой-ешкі, екі жасар сиыр, бес жасар түйе шалынады. Сойылатын мал арық, ақсақ, соқыр, құлақсыз шұнақ, мүйізі сынған болмауы керек. Әртүрлі кемшіліктерден ада, толыққанды түлік болуы тиіс. Құдай жолында ең жақсы малды шалмай разылыққа жетемін деу – әбестік. Әли Имран сүресінде Жаратушымыз былай деп ескертеді: «Өздерің жақсы көргенді Алла жолына жұмсамайынша, игілікке жетпейсіңдер» деген. Оған қоса, қой-ешкі бір адамның атынан шалынады. Ірі қара малды бірнеше кісі бірігіп шалуға болады. Шамасы жеткен адам өз атынан бірнеше мал шалуына да мүмкіндік бар. Құрбандықты айттың үш күнін де шала береді. Тек алғашқы күні айт намазынан кейін ғана қолға алу қажет. Әйтпесе, ерте шалынған құрбандық есептелмейді.
Міне, күллі мұсылман үмбетінің осы күні облыстық мешітте өтетін шараны тамашалауға, бір-бірін құттықтауға, керемет игілікті істің куәсі болуға мүмкіндігі бар. Олай болса, Құрбан айттағы ниеттеріңіз қабыл болсын дегіміз келеді.


Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.
23 тамыз 2018 ж. 1 076 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 423 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам