ҚАЗАҚСТАНДА КОЛЛЕДЖГЕ ОҚУҒА ТҮСУШІЛЕР ҮШІН ЕРЕЖЕЛЕР ӨЗГЕРДІ
Қазақстанда колледжге талапкерлерді қабылдау ережелері өзгерді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бұл туралы білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов Facebook парақшасында жазды. Вице-министрдің мәлімдеуінше, бұрын ақыл-есі кем балаларға арналған арнайы мектептердің түлектеріне тек анықтама берілген және сол үшін олар колледждерге қабылданбаған, себебі, оқуға қабылдау ережелері бойынша аттестаттың негізінде ғана талапкер оқуға қабылданада, яғни, олардың құқықтары тапталған.
Сонымен қатар, жалпы мектептерде инклюзивті білім алған балалар үшін де аттестат формалары қарастырылмаған. "39-бұйрыққа өзгертулер енгізілді, енді анықтамалар емес, аттестаттар беріледі, ол аттестаттардың кәдімгі мектептердің аттестаттарынан өзгешелігі - аттестаттың сериясында. Сондай-ақ, колледжге қабылдау ережелеріне де өзгерістер енгізілді, ол өзгерістер арнайы мектептердің түлектеріне колледждерге түсуге мүмкіндік береді", - деп хабарлады Аймағамбетов. Оның айтуынша, әзірше біздің елде инклюзивті білім беруді дамыту тиісті деңгейде емес. Ал балалар арасында ерекше білім беру сұранысы артып барады. Соңғы 20 жылда аутистік спектордағы ауруларға шалдығу жиілігі 150-ге 1 көрсеткішінен бірден 50-ге 1-ге дейін артқан.