ТӘРТІПТІ КҮШЕЙТУГЕ МӘН БЕРІЛУІ ТИІС
Қоғам тыныштығы, адам өмірі – басты назарда. Осыған орай прокуратура органдарының бастамасымен қалалық ішкі істер басқармасы, жергілікті атқарушы және уәкілетті орындардың қатысуымен қаладағы қылмыстық құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында бірлескен профилактикалық шараларды күшейту мақсатында ведомствоаралық мәжіліс өтті. Облыс прокурорының орынбасары Талғат Әлібаевтың жүргізуімен өткен жиынға қала әкімінің орынбасары Асылбек Шәменов, қала прокуроры Мұрат Досмағанбетов қатысты.
Өңірде қылмыс саны азайғанымен кісі өлімі, қарақшылық секілді мәселелер белең алып отыр. Бұлардың көбеюі, атқарылып жатқан шаралардың тиімділігінің төмен екендігін көрсетуде. Осыған орай мәжіліс барысында тиісті орган басшылары атқарылған және алдағы жұмыс жоспарына тоқталып, баяндама жасады.
– Аймағымыздағы қоғамдық тәртіпті қалыптастыру, ел тыныштығын қорғау жолында жұмыстар жасалып, атқарылған шаралардың нәтижесінде жыл басынан бері қылмыстар саны 11 пайызға азайды. Ауыр және аса ауыр санаттағы қылмыстардың ашылу көрсеткіші 80 пайызды құрады, – деді қала прокуроры.
Айталық, кісі өлтіру қылмысы 8-ден 19-ға өсім алған, бұл қала аумағында соңғы 10 жылда болмаған көрсеткіш. Қылмыс салдарынан 11 жәбірленуші қаза тауып, 13 адам жарақаттанған.
Алайда, осы 19 кісі өлтірудің 7-і «Ақсай» полиция бөліміне қарасты №6 учаскелік полиция пунктінің аумақтарында орын алса, қалғаны өзге жерлерде болған. Яғни, қаланың қылмыс көп жасалатын және қауіпті аймақтарына патрульдік қызметтің күші тиімсіз жұмсалып отырғаны айқын.
– Кісі өлтірудің белең алуына отбасындағы қолайсыз жағдайлар, жұмыссыздық, спирттік ішімдікке әуес болу, жәбірленушінің арандату әрекеттері, профилактикалық іс-шаралардың талап деңгейінде жүргізілмеуі негізгі себеп болуда. Полициямен анықталған алкогольдік өнімдерін түнгі уақытта сату деректері және масаң күйде қоғамдық тыныштықты бұзғандардың саны өткен жылдан көбейгенімен, бұл жұмыстардың ақыры нәтижесіз болуда. Сонымен қатар, учаскелік полиция инспекторлары бекітілген аумақтарда бақылау жұмыстарын күшейтіп, одан әрі жандандыру қажет, – деген ойын ортаға салды М.Досмағанбетов.
Оған қоса қарақшылық, қорқытып алушылық қылмыстары жәбірленушінің өмірі мен денсаулығына қауіпті зорлық-зомбылық жасап, мүліктерін иеленуіне кедергілердің болмауына байланысты өсім алған. Бүгінде заңсыз айналымда тіркеусіз атыс қару сақтайтын нақты адамдармен жұмыстарды жекелей жүргізу керектігі айтылды. Сонымен бірге, есірткі заттардың заңсыз айналымы былтырғы жылмен салыстырғанда 54 пайызға өскені белгілі болды. Сандық мәліметке сәйкес есірткімен ұсталған 50 адамның 16-сы 18-29 жас аралығындағы жастар.
Сондай-ақ, кәмелетке толмағандардың қылмысы жыл басталғалы бері көбейіп, уәкілетті органдармен кең көлемді бірлескен іс-шаралар атқарылуда. Дегенмен, бұл шаралар жастармен адам өміріне қауіпті ауыр дене жарақаттарын салу, зорлау, қарақшылық, тонау, бұзақылық сияқты қауіпті істердің орын алуына тосқауыл бола алмауда.
– Балалардың түнгі мезгілде жүріп, қылмыс жасауына не себеп? Олардың ата-аналарымен қоса ювеналды полиция қылмыстардың алдын алмаған. Ал, баласына тәрбие беру жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамай, олардың қылмыс жасауына жол берген ата-аналар қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған. Осындай әрекет жасаған 43 баланың 20-сы оқуда жоқ болса, 23-і оқу орнында білім алушылар екен. Оның ішінде 11-і мектеп оқушысы, 12-сі колледж студенті бар. Басым көпшілігі кешкі мектеп оқушылары, – деді қала прокуроры.
Ұрлық мәселесіне келсек, пәтер ұрлығы өткен жылмен салыстырғанда 7,5 пайызға өскен. Статистикаға көз жүгіртсек, тіркелген 615 пәтер ұрлығының 442-і немесе 72 пайызы әшкереленбей, тұрғындарға 82 млн. теңге мүліктік шығын келген, бұл әрбір ұры түскен отбасы үшін 130 мың теңгеге тең зардап болып табылады.
Жиын барысында оған қатысушылар аталмыш мәселеге байланысты өз ойларымен бөлісті.
Олар ойын-сауық ғимараттарының, кафе, ресторандардың бейне-бақылау камералармен жабдықталуын жүзеге асыру мақсатында бұл нысандардың терроризмге қарсы қорғалуын қамтамасыз ету тұрғысындағы тексеруді қамтып, оларға нұсқамалар беріп, орындалмау деректері бойынша әкімшілік жауапкершіліктерін шешу қажеттігін баса айтты.
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.