ТҰЛҒАЛАРДЫ ҰЛЫҚТАУ – ҰРПАҚҚА ПАРЫЗ
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Студенттер сарайында "Қаһармандар" республикалық қоғамдық қорының президенті Сабыр Қасымов Сыр өңірінің зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Оған университет ректоры Қылышбай Бисенов қатысты.
Қазақтың ұлт, біртұтас ел болып қалыптасу жолында көптеген қайраткер тұлғалардың ерен еңбегі бүгінгі ұрпаққа тарих беттерінен аян. Бірі ел үшін құрбан болды, бірі қуғын-сүргінге ұшырады, енді біріне жазықсыз жала жабылды. Тарихи тұлғалардың осындай азаматтық келбетін насихаттай түсу, әрбір патриоттың бұрын саяси және идеологиялық уәждер бойынша тыйым салынған ерлігін анықтау, оған әділетті баға беру, Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі жолындағы күресте зардап шеккен адамдарды ақтау, олардың есімі мен ерліктерін таныту мақсатында коммерциялық емес бағыттағы "Қаһармандар" республикалық қоғамдық қоры құрылған. Қор өз жұмысын бастағаннан бері тарих шеңберіндегі түрлі шаралардың өтуіне ықпал етіп, оны ғылыми тұрғыда зерттеп келеді. Қоғамдық ұйымның Қызылордаға сапарының мақсаты да сол – ғылыми орта қалыптастырып, қордың өңірдегі филиалын құру, оның алдына қойған міндеттерді жүзеге асыру үшін біріге жұмыс жасау.
– Қазақстан бұрынғы КСРО-ның басқа одақтас республикаларына қарағанда отаршыл басқыншылыққа көбірек ұшырады. Қазақ халқы өзгелерге қарағанда тоталитарлық сталиндік режимнен көбірек зардап шекті. Сондықтан да бізде қуғын-сүргін ауқымы мен құрбандар санатының жан басына шаққандағы саны басқа республикаларға қарағанда көбірек. Мысалы, өткен 20-шы ғасырды ғана алып қарар болсақ, қазақ жері мен оның көпұлтты халқы бірнеше рет отаршыл-тоталитарлық саясаттың құрбанына айналды, – деген Сабыр Ахметжанұлы аталмыш жағдайлардың саяси зардабын былайша санамалап берді. – Қазақстанға сырттан әкелінген азаматтық соғыс пен жаппай кеңестендіру, санасы мен тұрмыс-тіршілігін бұзу, бай-кулактарды қудалап, мүлкін тәркілеуге және ұжымдастыру, Қазақстандағы жүздеген шаруалар көтерілістерін күштеп басып-жаншу, оларға қатысушыларды жазалау шараларын қолдану және қуғындау, 30-шы жылдардың басында билік қолдан жасаған, қазақ халқының жартысын жалмаған, бұрын-сонды болмаған аштық, Қазақстанның барлық өңірлерінде қанат жайған «Алаш» қозғалысына және «Алаш Орда» үкіметіне біріккен қазақтың бетке ұстар, жоғары білімді, прогресшіл зиялы қауымын қуғын-сүргінге ұшыратып, көзін жою сынды зобалаң зардаптар қазақ халқының дәстүрлі, байырғы өмір салтына нұқсан келтірді. Ал, ең өкініштісі «Алаш Орда» партиясының қатардағы мүшелері, облыс пен аудандардағы филиалында қызмет еткен адамдар, әскери бөлімдерінің сарбаздары әлі күнге дейін ақталған жоқ, – деді ол. Сондай-ақ, ғалым архив пен дамыған жазу-сызудың болмауы, саяси режим салған тыйым салдарынан олардың ерлігі мен аты-жөні астыртын ғана айтылып, бірте-бірте тарих қойнауына сүңгіп, ұмытыла бастағанын тілге тиек етті. Сондықтан олардың ерлігін кең көлемде насихаттап, объективті түрде бағалау – бүгінгі ұрпақтың перзенттік, азаматтық парызы екенін айта отырып, күрескерлер туралы мәліметтерді титімдей болса да тірнектеп жинаудың тарих үшін өзектілігін жеткізді.
Жиын барысында университеттің Бағдат Кәрібозұлы, Айтжан Оразбақов, Дастан Сәтбай, Ғабит Тұяқбаев, Сәулет Сахиев бастаған бір топ ғалымдары қуғын-сүргін құрбандары, қазақ жерінде орын алған шайқас пен бостандық үшін тұтанған көтерілістер төңірегінде ғылыми тұжырымдамаларын ортаға салды.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
Суретті түсірген: Н.НҰРЖАУБАЙ.