БЕКБОЛАТ ТІЛЕУХАН КӨП ӘЙЕЛІН ҚАЛАЙ ТАТУ ҰСТАП ОТЫРҒАНЫН АЙТТЫ
Бекболат Тілеухан көп әйел алу саяси суицид жасап, өзіңе қол салғанмен бірдей екенін айтты. Әйелдің ер адамға ықпалы күшті болып тұрған қоғамда полигамды отбасы болу — өз-өзіңе саяси қол салғанмен бірдей. Бірақ, отбасыны тату ұстайтын бірнәрсе бар. Ол — Құдай алдындағы қорқыныш пен иман. Осылай деп пікір білдірді Бекболат Тілеухан отандық бағдарламалардың бірінде.
Мәжіліс депутаты, Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан осы күнге дейін өмірінде көптеген тосын жайт болғанын айтып берді.
"Бірнеше отбасыны тату ұстаудың бір ғана жолы бар. Ол — Құдай алдындағы қорқынышыңыз бен иманыңыз ғана. Басқа нәрселермен ұстау мүмкін емес. Қазақ "Бай бөліскенше, жан бөліс" деп бекер айтпаған. Бұл жалпы оңай нәрсе емес. Отбасыңның қандай болатынын имандылығың ғана шешеді. Менің өмірімді Алла тағала ва-банкке толы қылған екен. Тосын бұрылыстар көп болды. Өнерде жүріп саясатқа, саясатта жүріп спортқа, спорттан тағы бір жерге ауысып жаттым. Алланың маңдайыма жазған тағдыры ғой", — деді ол Қазақстан арнасының "Назар" бағдарламасында.
Әрі қарай саясаткер бірнеше әйел алып, оларды тату ұстаудың қаншалықты қиын екенін айтып өтті.
"Қазіргі қоғамда әйелдің ықпалы мол. Өйткені, көп жағдайда бір шаруаны шешкің келсе әйеліңе барасың. Аюдай ақырып тұрса да, әйелінің айтқанынан шыға алмайтын жігіттер болады. Сол себепті, осындай әйелдің ықпалы мықты қоғамда полигамды болу — саяси өз-өзіңді өлтіріп, суицидке бару деген сөз", — деді Бекболат Тілеухан.
Сондай-ақ, депутат бүгін неліктен ерлі-зайыптылар арасында ажырасулардың көбейіп кеткеніне тоқталды. Оның пікірінше, келіндер барған жерлерінде болған жайсыз жағдайларды айтып, ата-анасына шағымданбауы тиіс.
"Қазіргі жастар неге ажыраса береді? Баяғыда біздің қазақ қыздарын "Сен жат жұрттықсың", "Кеткен қыз шиден тысқары болады", "Барған жеріңе балдай батып, судай сің" деген сияқты тәрбиелейтін. Шешеміз елін сұрағанда "Сүйегім осындай рудікі, бірақ өзім осы елдің адамымын" деп айтатын. (…) Зауыттан бір көлік шығарсақ, оны тексеріп көру үшін ұзақ жол жүру керек. Сол секілді неге адамға мүмкіндік бермеске?!
Оның үстіне қазір айырылысудың көп себебі — қолдан түспейтін телефоннан. Оны алып "Мына жерде бәліш пісіріп жатырмын, еден жудым, қайын сіңілім мен енем тиісті" деп шағымданады. Одан тұтқаның ар жағындағы адам "Қайын сіңіліңе кет деп айт, енең бұлай жасай бермесін" деп ерлі-зайыптыны ажырастырып жібереді.
Бұл адамның жеке басының проблемасы, оны өзі шешіп алсын. Мұның ар жағында тойға кеткен шығын мен несие, одан бөлек құдалардың төс қағыстырғаны тұр. Осыншама қадамға барған адамдар ертең қалай араздасып жүре бермек?! Яғни тойың болып, ел тілек айтқан болса, сен жауапкершілікті сезінуің керек. Сүйіктіңе қосылар кезде жауапкершілікті сезіне білген жөн", — деп қорытты Бекболат Тілеухан.
sputniknews.kz