НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ: ШЕТЕЛДІҢ КИІМДЕРІН САТЫП АЛУДЫ ДОҒАРУ ҚАЖЕТ
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялау барысында индустрияландырудың басты міндетін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Индустрияландырудың басты бағыты - экспорт. Үкімет экспортқа шыға алатын кәсіпорындарға қолдау жасауға тиіс. Әсіресе, шикізатты өңдеу саласына басымдық берген жөн. Осы саладағы саясатқа проактивті сипат беру керек. Басты мақсат - әлемдік нарықтарға шығу», - дейді Елбасы.
Президенттің айтуынша, отандық кәсіпорындарға халық көп тұтынатын тауарларды шығаруға көмектесу керек. Сөйтіп, ішкі нарықты өз өнімдерімізге толтыру қажет. «Мысалы, қазір осы жерде отырғандардың үстіндегі шетелдік киімдердің бәрін алып қойса, тыр жалаңаш қаласыңдар. Бізде көйлекті де, костюмді де шығара алады. Ондай кәсіпорындарға қолдау жасау қажет. Өз тауарымызды қолдау керек. Өзім талай рет көрсеттім ғой. Мен тек отандық костюмдерді киіп жүремін. Сапасы шетелдік өнімнен еш кем емес. Ал бағасы он есеге арзан. Шетелдік тауарларды неғұрлым аз тұтынсақ, соғұрлым тәуелсіздігіміз мықты болады», - деп атап көрсетті Мемлекет басшысы.
Осы орайда Президент өңдеу өнеркәсібі мен шикізатты емес экспортты қолдауға қосымша 500 млрд теңге бөліп беруді тапсырды. Ал Ұлттық банк екінші деңгейлі банктерге 600 млрд теңге бөлетін болады. Ол ақша отандық өнімдерді шығару жобаларына жұмсалады.
Айта кетейік, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осы уақытта Ақордада Қазақстан халқына Жолдауын жариялауда.Стратегиялық құжат еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелеріне және қазақстандықтардың әл-ауқатын одан әрі арттыру міндеттеріне арналған.