ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТТЫЛЫҚ - СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ТОСҚАУЫЛ
Облыстық ішкі саясат басқармасының «Тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға байланысты ақпараттық насихаттық шаралар ұйымдастыру» әлеуметтік жобасы аясында «Туған жер» қоғамдық қозғалысы» Қауымдастығы адам көп шоғырланатын орындарда тұрғындарға кеңес беру жұмысын ай сайын ұйымдастырып келеді. Бұл жолғы кеңес беру «Сыбаға» базарында ұйымдастырылды.
Кеңес беру барысында Жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторы Досбол Шамаханов азаматтарға қоғамдық тәртіп, бұзақылық, тұрмыстық зорлық-зомбылық құқықбұзушылықтары үшін заң аясында берілетін жазалар мен конституциялық құқықтарын сақтау мәселесін егжей-тегжейлі айтып берді, әйелдерге қысымға ұшыраған сәтте қайда хабарласып, қандай құқықтарын талап етулері тиіс екенін түсіндірді. Құқық бұзушылар тарапынан қысымға ұшырағанда 102 телефонына қоңырау шалып, полиция нарядын шақыру туралы кеңес берді. Қоғамдық тәртіпті бұзғандығы, қоғамдық орындарды ластағандығы үшін әкімшілік кодекстің қандай баптары бойынша жазаға тартылатыны туралы ақпарат та келтірді. Сонымен қатар кеңес беру барысында тұрғындардың құқық саласына қатысты көптеген мазалап жүрген сұрақтарына сәйкесінше тиісті жауаптары қарапайым тілде түсіндіріліп қана қоймай, құқықтық сауаттылықты арттыруға арналған әдістемелік құралдар таратылды.
Бұдан бөлек, "7-20-25", "Орда" бағдарламалары бойынша баспана алу тәртібі туралы "Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі" аймақтық филиалының консультанттары ақпараттар берді, таратпа материалдар үлестірді. «Туған жер» қоғамдық қозғалысы» Қауымдастығы да жоба аясында атқарылып жатқан іс-шаралар туралы халықты хабардар етіп, облыстағы мемлекеттік мекемелердің, құқық қорғау органдарының сенім телефондары жазылған парақшалар таратты.