АУДИО ЖАҢАЛЫҚТАР
Қараша айының 15 жұлдызы күні сағат 19.00-де Қ.Мұхамеджановтың «Құдағи келіпті» комедиясының премьерасы өтетіндігін қуанышпен хабарлаймыз!
Екі жастың ортасына есі кеткен түседі. Бұл күнде Сұңғат пен Марфуға сезім шыңына бірге жеткен жас отбасы. Енді ғана бой көтеріп, бас түйістірген қос ғашықтың кіршіксіз маxаббаттары күйбең тіршіліктің мәселелеріне төтеп бере ала ма екен? Міне енді жарасымды отбасы болдық дегенде күтпеген жерден бұл оқиғаның киліккенін қарашы. Аяқ астынан қаладағы Құдағи ауылға келе жатқанына не себеп? Қарапайым ауыл тіршілігіне серпіліс беріп, бәрін әбігерге салып қойған қандай оқиға екенін білгіңіз келе ме? Ендеше, екі жастың сезімінің сыналар сәтіне куә болуға шақырамыз.
"Құдағи келіпті". Сіздер де келіңіздер, көрермен!
Билеттер үлкендерге - 500, студенттерге - 400, оқушыларға - 300 теңге. Билетті театр кассасынан және "Тикетон" онлайн кассасынан ала аласыздар! Байланыс телефоны: 27-28-93.
Диктан жазуға дайынсыз ба?
Қазақ әліпбиінің латыншаға ауысуына байланысты Мәдениет және спорт министрлігі бүкілхалықтық диктант ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Бас қалада диктант 14 қараша күні сағат 10:00-ден басталады. Оған 15 жасқа толған барлық тұрғындар қатыса алады. Шарада 50 мыңнан астам халық бой көрсетеді деп жоспарлануда. Диктантты жазу бір күнде және бір уақытта жүргізіледі.
Диктанттың бекітілген мәтіні (80-90 сөз) аудиожазбалар арқылы таратылып, "Шалқар" және "Қазақ радиосы" эфирінен берілетін болады.
Диктант арнайы дайындалған орындарда 30 минут ішінде жазылады.
Сондай-ақ, ұйымдастырушылар шараға қашықтықтан қатысуға ниет білдіргендер үшін компьютер немесе смартфон арқылы белгіленген уақытта emle.kz және tilalemi.kz сайттарына кіріп, аудиожазбаны тыңдауға және диктантты жазуға мүмкіндік туғызып отыр.
Диктантты жазып аяқтаған соң аталмыш сайттарда оның дұрыс нұсқасы мен бағалау парағы жарияланады.
"Астана" соңғы минуттарда еуропа лигасында жеңіске жетті
"Астана" футболшылары Еуропа лигасының топтық кезеңіндегі төртінші айналымда чехиялық "Яблонец" командасын жеңді. К тобының ойыны 8 қарашада кешкісін "Астана Аренада" өтті. Бірінші тайм тең аяқталды - 1:1. 18-ші минутта бразилиялық жартылайқорғаушы Педро Энрике "Астананы" алға шығарды, алайда бірінші тайм аяқталар сәтте (41-ші минутта) "Яблонец" есепті теңестіріп кетті. Допқа соңғы болып Бахтиер Зайнутдинов тигеніне қарамастан, голды Давид Лишканың атына жазды. Елордалық команда екінші тайм аяқталар сәтте есепті еселеді. Ойынның 88-ші минутында "Астана" қорғаушысы Евгений Постников гол соқты.
Осы жеңістен кейін "Астана" өз тобында көш бастауын нығайтты. Одан кейін киевтік "Динамо", франциялық "Ренн" және чехиялық "Яблонец" тұр. Еуропа лигасының бесінші кезеңі 29 қарашада өтеді. Бұл күні "Астана" өз алаңында "Динамомен" ойнайды, ал "Яблонец" "Рен" командасын қабылдайды. Топтық кезең 13 желтоқсанда аяқталады.