ЖАЛАҒАШТА КҮРІШ АҚТАУ ЗАУЫТЫ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ
Бүгін облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Жалағаш ауданында жұмыс сапарымен болып, бірқатар нысандардың ашылуына қатысты.
Ең алдымен облыс әкімі Таң ауылдық округіндегі «Таң LTD» ЖШС-нің күріш ақтау цехының ашылуына қатысты. Жоба құны 150 млн теңгені құрайтын цехта тәулігіне 100 тонна күріш салысын ақтайды. Сондай-ақ, жоба жүзеге асқан уақыттан бастап 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, ауыл тұрғындарына арзандатылған бағада мал азықтары босатылады. Сонымен қатар, тұрмысы төмен және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға нарықтық бағадан төмен бағамен ақталған күріш сатылатын болады. Күріш ақтау цехының жалпы аумағы 0,3000 шаршы метрді құрайды.
Күріш ақтау цехының ашылуында сөз алған аймақ басшысы ел игілігі үшн пайдалануға берілгелі отырған нысанның ашылуымен құттықтады.
– Сыр елінің, оның ішінде осы Таң ауылдық округіндегі дихан қауым үшін көптен күткен игі істің куәсі болғалы тұрмыз. Ол ауыл орталығынан бой көтеріп, ел игілігіне пайдалануға берілгелі тұрған «Дихан ата» күріш өңдеу зауыты. Шаруашылық диқандары осы күнге дейін күрішті сыртқа апарып өңдеген болса, биылғы жылдан бастап аталмыш күріш өңдеу зауыты «Таң LTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қолдауымен жаңа технологиялармен жабдықталып, халық игілігіне пайдалануға берілгелі отыр, – деді.
Ашылу салтанатында сонымен қатар, Таң ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тұрсынбай Айғараев сөз алып, ауыл жұртшылығының алғаусыз алғысын жеткізді. «Таң ЛТД» ЖШС директоры Имамзада Шағыртаев облыс әкімін және қонақтарды цех жұмысымен және күріш ақтау қондырғыларымен таныстырып, алғашқы өңделген өнімді назарға ұсынды.