Алдағы демалыс күндері ауа райы қандай болады?
Синоптиктер 2018 жылдың 8-10 желтоқсан аралығында ауа райы қандай болатынын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Қазгидромет" РМК өкілдеріне сілтеме жасап.
"Қазақстан аумағының біршама бөлігі бұрынғыдай Сібір антициклонының ықпалында болса да, тропосферадағы ауа ағындары өз бағыттарын солтүстіктен батысқа ауыстыра бастады. Сондықтан алдағы демалыс күндері ауа температурасының көтерілуі болжанады. Орталық Азия бойынша болжау аралығында Жерорта теңізінің шығысынан циклондардың жылжуы, ал олармен байланысты атмосфералық фронттар республиканың оңтүстік және оңтүстік-шығысында жауын-шашын, көбінесе қар, тұман және көктайғақ әкелетін болады", - делінген хабарламада. Сондай-ақ, республиканың батысында атмосфералық фронттармен жауын-шашын, көбінесе қар, тұман және көктайғақ күтіледі және Қазақстанның басқа аумақтарына қарағанда, температураның төмендеуі байқалады.