Биыл Байқоңырдан қанша зымыран ұшырылды
Роскосмос 21 желтоқсан күні Ресей Қорғаныс министрлігінің мүддесіндегі «Благовест» спутнигі бар «Протон-М» зымыран-тасығышын сәтті ұшырып, Байқоңырдағы 2018 жылға жоспарланған ұшыру бағдарламасын аяқтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Статистикаға сәйкес, ғарыш айлағынан биыл әуе кемелері 9 рет ұшырылған. Оның ішінде ақау салдарынан Халықаралық ғарыш стансасына экипажды жеткізе алмаған «Союз МС-10» көліктік басқарылатын кемесі (КБК) де бар.
Нәтижесінде, 2018 жылы Байқоңырдан Халықаралық ғарыш стансасының бағдарламасы бойынша алты рет сәтті ұшырылым жасалды - үш «Союз - МС» КБК және үш «Прогресс МС» көліктік жүк кемесі. Сондай-ақ, «Протон-М» екі зымыран-тасығышы ұшырылды.
Үстіміздегі жылы ғарыш айлағынан барлығы 17 ұшырылым жасау жоспарланған болатын. Бірақ «Союз 2» және «Протон-М» сериясындағы зымыран-тасығыштарының алдын ала белгіленген ұшырылымдары орындалмады. Алдағы жылы Роскосмос Байқоңырдан 19 ұшырылым жасауды жоспарлап отыр.