Коммуналдық тарифтер төмендейді

– Коммуналдық қызметтерге жеңілдік жасау келесі жылы да қарастырылады. Мәселен, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Қызылорда су жүйесі» және «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК-ның қызметтерінің тарифтері төмендейді. Оның ішінде «Қызылорда су жүйесі» МКК бойынша тұрғындар үшін ҚҚС-мен текше метрге: сумен жабдықтау қызметіне – 22,6 пайызға; сарқынды суды бұру қызметіне – 11,4 пайызға арзандамақ. Ал, «Қызылорда су жүйесі МКК-ның және «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК-ның тарифтерінің төмендеуінің негізгі себебі инвестициялық бағдарламаға төмендету жағына қарай енгізілген түзету болып табылады, –деді өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің облыстық департаменті басшысының міндетін атқарушы Гүлмира Өтегенова.
Сонымен қатар, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап 3 электр энергиясымен жабдықтаушы ұйымдардың электрмен қызметінің түпкілікті тарифі 0,2 пайыздан 0,8 пайызға дейін төмендейтін болады.
Үстіміздегі жылы тарифтерді төмендету бойынша жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде тұтынушылардың үнемдейтін қаржысы шамамен 5,5 млрд теңгені құраған.
Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ.