Танымал әнші сахнада ән шырқап тұрып қайтыс болып кетті (видео)
Татардың танымал әншісі әрі вокал бойынша педагогы Фания Халиуллова Димитровградта мәдениет үйінің сахнасында өнер көрсеткен сәтінде қайтыс болып кетті.
Бұл туралы «ДимГрад24» басылымына сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.
Қайғылы жағдай 20 қаңтардың кешінде орын алған.
«Карлыгач» және «Неугасимые звезды» музыкалық ансамбльдерінің басқарушысы сахнада тұрған кезінде кенеттен жағдайы нашарлап кеткен. 53 жастағы әнші аяқ астынан есінен танып, құлап қалды. Жедел жәрдем бригадасы әйелді ауруханаға жеткізгенімен, өкінішке орай, оны құтқару мүмкін болмады. Алдын ала нұсқа бойынша, ол жүрегі тоқтап қалып қайтыс болған.
Залда болған көрермендердің бірі әртістің жағдайы нашарлаған сәтті видеоға түсіріп алған.
Димитровградта Фания Халиуллованы дарынды әнші, тамаша педагог ретінде білген. Ол татардың ұлттық мейрамдарында үнемі жүргізуші болып келген. Сондай-ақ, әртіс қаншама жас дарынды тәрбиелеп шығарды.«Оның оқушыларымен Димитровград қана емес, Татарстан республикасы да мақтанады», – делінеді басылымда.