Сауалнама кәсіпкер мәселесін сараптайды
Облыста жарияланған «Жаппай кәсіпкерлікті қолдаудың» 3 жылдығы аясында толымды тірліктер қолға алынады. Өткен жылдың қорытындысымен біздің облыс елімізде бизнеске қолайлы жағдай қалыптасқан көшбасшы өңірге айналды.
– Алғашқы 5 жылдықта кәсіпкерлердің көптеген қордаланып қалған мәселелерімен жұмыс жасалды. Қазір де системалық проблемалар жеткілікті. «Атамекеннің» ендігі мақсаты – әрбір кәсіпкермен, ал бастысы шағын бизнеспен тікелей байланыс орнату, – деді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов.
Қазір елімізде нақты жұмыс жасап тұрған 1 миллион 200 мыңға жуық кәсіпкерлік нысандары бар. Жыл артқан сайын олардың қатары көбейіп келеді.
– Біз бизнес өкілдерімен ұдайы байланыста болу үшін әрбір кәсіпкердің жеке түйткілді мәселесін, пікірін білу, қажеттілігі мен сұранысын айқындау мақсатында ол туралы мәлімет болуы тиіс. Сондықтан осы жылды кәсіпкерлер палатасы Қазақстан бойынша барлық бизнеспен айналысатын адамдар арасында сауалнама жүргізеді, – деді Ғ.Жақсылықов.
Сауалнама екі кезеңде жүргізіледі. Бірінші кезең – телефон арқылы 4 сұрақтан тұрады. Ал, екінші кезеңінде палата қызметкерлері бизнес нысандарында кәсіпкерлермен жеке сұқбаттасады. Статистикалық дерек бойынша өткен жылдың 1 желтоқсанында облыста 51 872 кәсіпкерлік нысан тіркелген. Оның ішінде 42 585 нысан нақты жұмыс істеп тұр.
Бүгінгі күнге дейін пилоттық режимде 250-ге жуық кәсіпкермен кездесіп, сауалнама ұйымдастырылды. Бұл жұмысты мамыр айына дейін бітіру жоспарланып отыр. Бұған қоса «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы онлайн-сауалнаманы іске қосты. Ол үшін сілтемеге өтіп, сауалнаманы толтырып, сұрақтарға жауап беру жеткілікті. Сауалнама қазақ және орыс тілдерінде қолжетімді.
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.