Деңгейі биік дарындылар бәсекесі
Аптаның дүйсенбісінде аймағымызда гуманитарлық пәндер бағытындағы республикалық олимпиада басталды. Оған еліміздің барлық аймағынан 9-11 сыныптың 663 оқушысы жиналған. Оның ашылу салтанаты Н.Бекежанов атындағы облыстық музыкалық-драма театрында өтті.
Елдің ертеңін сеніп тапсыратын білімді, білікті, технологияның тілін білген маманды тәрбиелеп, ғылымның әлеуетін көтеру – заман талабы. Бүгінгі олимпиаданың басты мақсаты осы. Оған қатысу үшін Сыр өңіріне келген өрендерге облыс әкімі Қырымбек Көшербаев сәттілік тіледі.
– Жоғары білікті мамандар даярлау мәселесінде білім беру сапасының деңгейін көтеруге тиіспіз. Облыстың сала қызметкерлері мектеп түлектерінің кем дегенде 50 пайызы жоғары оқу орындарына түсіруге қол жеткізуі тиіс. Біз жыл сайын аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан өрендерді еңбек ресурстарының теңгеріміне сәйкес өңірде сұранысқа ие мамандықтар бойынша облыс әкімінің гранты есебінен еліміздің жетекші жоғары оқу орындарына оқуға жібереміз. Биыл аталмыш грант саны 2 есеге артты. Осылайша, бүгінгі таңда олардың саны 900-ге жетті. Айта кету керек, ағымдағы жылдан бастап облыс әкімі гранттарының 70 пайызы IT-мамандықтарға бағытталады, – деді аймақ басшысы.
Дарындылар додасының ашылу салтанатына ҚР Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева арнайы келген. Ол жас өрендерді құттықтап, іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.
– Сырдың қасиетті жерінде, түркі өркениетінің бесігі, ойшыл Қорқыт ата мекен еткен жерде гуманитарлық пәндер бойынша олимпиада өтуі ерекше мәнге ие. Биыл «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының құрылғанына 20 жыл толады. Орталықты құру идеясын сол кезде Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі қызметінде отырған, қазіргі облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қолға алған еді, – деді вице-министр.
Ашылу салтанаты барысында облыс әкімі білім беру саласына қатысты бірқатар жоспарымен бөлісті. Егер айқын мақсатты межелеп, нақты міндеттер қойылмаса, еш нәрсеге жету мүмкін емес. Сондықтан технологияларды құру және пайдалану, әлеуметтік белсенділік пен кәсіпкерлік, коммуникация мен дизайн саласын жетілдіру қажет. Сонымен қатар, мектеп бағдарламасына кірмейтін ғылым салаларындағы дарындарды қолдау мақсатында Ресейдің «Кванториумдар мен «Сириустар» құру бойынша тәжірибесін зерделеу – алдағы күннің еншісінде.
Сөз соңында облыс әкімі олимпиада қатысушыларына «Біздің жастарымыздың арасында да Абай Құнанбайұлындай ақын-философтар, Қаныш Сәтбаевтай бірегей ғалымдар, Мұхтар Әуезовтей ұлы жазушылар, Билл Гейтс, Илон Маск секілді инноваторлар жүруі әбден мүмкін» деді.
Болашақ қазақ ғалымдары әртүрлі сайыс жеңімпаздарынан шығатынына сенім мол. Ал олимпиада жеңімпаздарының арасынан шыққан ғалымдар болашақта қазақ ғылымына локомотив бола алары сөзсіз. Бастысы, жүйелі дайындық пен тынымсыз еңбек – пәндік олимпиаданың шыңын бағындыруға қажетті ең негізгі критерий екендігін ұмытпасақ екен.
Олимпиада бала санасына ғылымның алғашқы ізденістерін қалыптастырып, болашақ ғалымдарды баулитын, ғылымға еркін бойлайтын даңғыл жол десек те болады. Жарыс онлайн режимде өтеді. Таудай талап, ұшқыр қиялды талап ететін дода 29 наурыз мәресіне жетеді.
Айтолқын АЙТЖАНОВА.