Министрлік әр жүкті әйелге 425 мың теңгеден беру туралы ұсынысты түсіндірді
Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері жүктілігінің 12-аптасына дейін есепке тұрған қазақстандық әр әйелге 425 мың теңгеден беруді ұсынып отыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Осындай бастама бар. 10 минимал жалақы мөлшерінде - 425 мың теңге беруді ұсынамыз. Бірақ бұл әзірше тек ұсыныс түрінде. Әлі басқа да мемлекеттік органдармен талқыланады, мемлекеттік бюджеттің осы ұсынысқа қаншалықты дайын екені талқыланады", - деді Денсаулық сақтау министрлігі Заң департаментінің директоры Талғат Тұрмағамбет. Бұл идеяны Денсаулық сақтау министрлігінің сарапшылары ұсынған. Олардың айтуынша, бұл әйелдердің болашақ балаларының денсаулығына деген жауапкершілігін арттырады. "Жауапкершілік жайында айтатын болсақ, біз оларды не жазалауымыз керек, не мадақтауымыз керек. Біз мадақтауды ұсынамыз, бірақ егер әйел жүктілігінің 12-аптасына дейін есепке тұрса. Онда әйел мен бала толықтай бақылауға алынады. Бұл халықаралық тәжірибе. Бүкіл әлем осылай жұмыс істеп жатыр", - деді Халықаралық ғылыми онкологиялық орталық төрағасының орынбасары Гүлнар Құлқаева. Министрліктегілер болашақ аналардың барлығына олардың қаржы жағдайына қарамастан, осы соманы беруді ұсынып отыр. Депутаттар да министрліктің ұсынысына қолдау білдіріп жатыр. "Ұсынысты қолдаймын. (...) Жүкті әйелдердің барлығына төлемақы керек", - деді Мәжіліс депутаты Зәуреш Аманжолова.