СЫРДАҒЫ БІЛІМ ҚАРАШАҢЫРАҒЫ
Сыр өңірінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің 80 жылдық мерейтойы екі күн қатарынан тойланды. Айтулы шара халықаралық деңгейде өткізілді. Оған Оңтүстік Корея, Ресей, Түркия, Бельгия, Германия, Өзбекстан мемлекеттерінің профессор ғалымдары қатысты.
Мерекелік шара Н.Бекежанов атындағы қазақ муызкалық драма театрында өтті. Оған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, аймақтың алдыңғы қатарлы оқу орнын мерейтоймен құттықтап, бәсекеге қабілетті маман даярлаудағы университеттің жетістіктерін атап, жұмыстарына табыс тіледі.
– Құрметті университет ұжымы! Сіздерді іргелі оқу орнының 80 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Қадірлі қонақтар, қасиетті, Сыр өңіріне қош келдіңіздер. Бұл қарашаңырақ – аймағымыздағы ғылым мен білімнің, тәрбие мен мәдениеттің ордасы. Осы уақыт ішінде талай асулардан, күрделі кезеңдермен қаншама белестерден өтті. Бүгінгі мерейтой тек университет ұжымының ғана емес, бүкіл Сыр жұртшылығының қуанышы, мерейлі мерекесі. Өйткені, осы университеттен түлеп ұшқан мыңдаған мамандар аймақтың өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосуда. Қарап отырсақ, бұл жерден қаншама мемлекет және қоғам қайраткерлері, ұлағатты ұстаздар, мәдениет майталмандары мен спорт саңлақтары шықты. Сонымен қатар, еліміздегі біршама өндіріс басшылары мен бизнес өкілдері де осы оқу ордасының түлектері. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев адами капиталдың құндылығын жақсартуға, ең алдымен жастардың білім деңгейін көтеріп, бәсекеге қабілетті маман даярлауға аса мән беруде. Осы тұста Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті алдағы уақытта да бұл құрметті миссияны абыроймен атқаратынына сенімдімін, – деді облыс басшысы.
Салтанатты шара барысында университет профессорлары мен оқытушыларына облыс әкімінің грамотасы, білім және ғылым министрлігінің төсбелгілері табысталды. Сондай-ақ, университет ректоры Қылышбай Бисенов бір топ жасты «Үздік түлек» медалімен марапаттады.
Мерекелік бағдарлама белгілі ғалым-математик Асан Дабысұлы Таймановтың 100 жылдығы құрметіне ұйымдастырылған «Тайманов оқулары» шарасымен жалғасын тапты. Ол 1947 -1954 жылдар аралығында университеттің жоғары математика кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарған.
Сонымен қатар, халықаралық конференцияға шақырылған қонақтар Қорқыт ата мемориалдық кешеніне ат басын бұрып, Байқоңыр ғарыш мұражайымен танысты.
Жоғары оқу орны кезінде екі іргелі оқу ордасының біріктірілуімен құрылған әйгілі білім ордасы. 1937 жылы Қиыр Шығыстағы Корей педагогикалық институты көшіріліп, оған Н.В.Гоголь аты берілді. Тоқсаныншы жылдардың аяқ шенінде Ы.Жақаев атындағы политехникалық институтымен бірігіп, Қорқыт ата атындағы университет болып қайта құрылды.
Университеттің материалдық-техникалық базасын нығайту, профессор-оқытушылар құрамының ғылыми әлеуетін көтеру, кітапхана қорын жаңа мазмұнды оқулықтармен толтыру алғашқыда оңайға соқпады. Оқу ғимараттары, жатақханалар, асханалар қайта жөндеуді талап етті. Дегенмен, жыл өткен сайын бұл түйткілді мәселелер оң шешімін таба бастады. Бүгінде қарашаңырақ озық үлгідегі бәсекеге қабілетті университеттердің біріне айналды. Атап айтсақ, шетелдік жетекші жоғары оқу орындары және ғылыми орталықтарымен білім және ғылым саласында ынтымақтастық туралы 70-тен аса келісім-шарттар мен меморандумдар негізінде жұмыс жүргізуде.
Осылайша оқу ордасы біршама нәтижелерге қол жеткізіп, халықаралық деңгейдегі білім ошақтарымен иық тіресетін деңгейге жетті. Бүгінде мұнда 7 факультет және 30 кафедра жұмыс істейді. Атап айтсақ, бакалавриаттың 60, магистратураның 29, докторантураның 9 мамандығы бойынша PhD докторларын дайындау қолға алынған. Университетте қазір 4649 студент, магистрант және докторант бар. Айта кету керек, 2013 жылы 3 мамандықта үштілді білім беру бағдарламасымен оқыту басталса, 2016-2017 оқу жылында 16 мамандық осы жоба бойынша білім алуда.
Мерейтой аясында «Жұлдызды 30 күн» атауымен қоғамдық-мәдени іс-шаралар ұйымдастырылуда. Шараға арнайы келген қонақтар оқу орнының тарихи мұражайымен танысты. Содан соң «Бәсекеге қабілетті мамандар даярлаудың өзекті мәселелері және келешегі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның пленарлық мәжілісі өтті. Ғалымдар басқосуына облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов қатысты. Оны Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың ректоры Қылышбай Бисенов жүргізді.
Шара барысында Қазақстан, Ресей, Корея, Бельгия, Түркия және тағы басқа мемлекеттерден келген білім беру мекемелерінің өкілдерінің баяндамалары тыңдалды. Мәселен, Ресей халықтар достығы университеті кибернетика және мехатроника департаментінің профессоры Асхат Дивеев өз мәлімдемесінде робототехникалық құрылғыларды басқарудың интеллектуалды жүйесін синтездеу әдістеріне тоқталды. Сондай-ақ, өңірдегі іргелі оқу ордасының профессорлары «Рухани жаңғыру – қазіргі білім берудің негізі» тақырыбында ғылыми баяндамаларын жасады.
Басқосу соңында Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың 80 жылдығына орай бірқатар оқытушы-профессорларға түрлі деңгейде марапаттар табысталды. Айта кетейік, ғылыми-тәжірибелік конференция «Бәсекеге қабілетті мамандар даярлаудағы жаңа білім беру технологиялары», «Қазіргі жоғары оқу орнының ғылыми-инновациялық қызметі: проблемалармен басымдықтары» бойынша секция жұмыстарымен жалғасты.
Қазіргі кезде Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың студенттеріне шетелдің беделді білім ошақтарында тәжірибе алмасуына барлық мүмкіндік қарастырылған. Осыған орай, университет әлемнің түкпір-түкпіріндегі жоғары оқу орындарымен тығыз қарым-қатынас орнатып, білім бәсекесінде бірлесе жұмыс атқаруда. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында шетелден арнайы келген меймандар мәлімдеді. Басқосуды университеттің халықаралық қатынас бөлімінің басшысы Темірболат Кеншінбай жүргізді.
Оның айтуынша, білім ордасы шетелдік 80-нен астам ірі жоғары оқу орындарымен тығыз байланыста. Білім ұясының әлеуетін арттыру үшін ұйымдастырылып отырған айтулы шараға 7 мемлекеттің өкілдері қатысуда. Оңтүстік Кореядағы Каннам университетінің профессоры Ким Фил Янг:
– Менің ойымша, Каннам университеті және өзге де жоғары оқу орындарының өкілдері Қорқыт ата университетін бұдан да жоғары жетістікке жеткізуге септігін тигізіп, үздіктер қатарынан көрінуіне ат салысады, – деді.
Сондай-ақ, Германиядағы Тюбинген университетінен келген профессор Генрих Гюнтер Харке де өз ойын ортаға салды. Оның айтуынша бүгінде екі оқу орнының студенттері мен оқытушылары бір-бірімен тығыз байланыс орнатқан. Алдағы уақытта докторантура ашу жоспарлануда. Осыған сәйкес екі жақтың ғалымдары өзара тәжірибе алмасса, биік белестерді бағындыратынына сенімі мол.
Шара барысында Түркия мемлекеті Гази университетінің профессоры Ченгел Хулия Касапоглу қазақша сөйлеп, түрік пен қазақ халқының түбі бір түркі елдеріне жататынына тоқталды. Сонымен қатар, Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласын кеңінен тарқатып, қазақ елінің келешегінің зор екенін баса айтты.
Ақмарал ОЛЖАБАЕВА.