Баланың оқуына жеке қор жинау — баланың емес, біздің міндет!
Шынымен де, уақыт тез зымырайды! Көзді ашып-жұмғанша кешегі бүлдіршінді ЖОО-ға оқуға жіберетін кез де келіп жеткенін байқамай қаламыз. ЖОО-да оқудың өзі қомақты шығын. Өйткені, соңғы деректер бойынша, қазір кейбір оқу орындарында оқу ақысы жылына 2 млн теңгені құрайды, кейде одан да асып түседі. «Мұндай қаражатты қайдан алуға болады?» деген сұрақ әдетте бала ЖОО-ға тапсырардың алдында туындайтыны белгілі.
Бұл жағдай көптеген адамдарды кредит алуға мәжбүрлейді. Бірақ, кредитке оқу — бұл ең соңғы амал. Қазақстанда 6 жылдан бері Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі қызмет ететіндіктен, азаматтар оның көмегімен «AQYL» білім беру депозитін ашып, өзінің оқуына немесе баласының оқуына, ол туылған күннен бастап ақша жинақтай алады. Бұл депозиттің артықшылығы салымға жыл сайын мемлекеттен ақшалай сыйлықақы түсіп тұратындығында. Жүйе іске қосылғалы бері салымшыларға төленген мемлекет сыйлықақысының жалпы сомасы 2,5 млрд теңгеден асады (2019 жылы 915 млн. теңге).
Мұндай депозит түріне деген сұраныс жылдан-жылға артып келеді, оған валюталық және теңгедегі салымдармен салыстырғандағы аталған депозиттерге тән бірқатар артықшылықтар себеп.
Валюталық депозиттер бала шетелде оқитын жағдайда ғана тиімді, бірақ соңғы кездері сыйақы мөлшерлеменің 1%-ға да жетпей тым төмен болуынан шетел валютасындағы депозиттерден гөрі, теңгедегі депозиттерге қызығушылық көбірек. Олар бойынша 10% мөлшерлеме салымшылар үшін өте тиімді. Десе де, бұл банктердің ұсына алатын ең жоғары мөлшерлемесі.
«AQYL» білім беру депозиті туралы айтар болсақ, оны ашу оп-оңай, әрі оның тұтынушыларға ұсынатын бірқатар бонустары бар. Біріншіден, депозитке 10% мөлшеріндегі банк сыйақысынан бөлек, мемлекеттен 5%-дан басталатын ақшалай сыйлықақы үстемеленеді. Нәтижесінде, салымның табыстылығы жылына 15%-дан басталады. Екіншіден, депозит Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорымен кепілдендірілген. Ал, бұл оның толық сақталуын қамтамасыз етеді. Үшіншіден, депозит үшінші тұлғалар тарапынан қандай да бір тыйым салулардан және өзге шектеулерден қорғалған. Төртіншіден, табыс түрі ретінде мемлекет сыйлықақысына салық салынбайды. Бесіншіден, мемлекет сыйлықақысы 20 жыл бойы үздіксіз есепке жазылып тұрады.
Егер 10 жыл бойы ай сайын «AQYL» білім беру депозитіне 7000 теңгеден салып отырса, шамамен 2 000 000 теңге жиналады.
Енді мысал ретінде салыстыру үшін 10 жыл бойы «үйде» және шетел валютасында жинақтау үлгілерін алып қарайтын болсақ:
1) егер ай сайын«үйде» 7000 теңгеден жинақтаған жағдайда 10 жылдың ішінде жинақ сомасы барлығы 840 000 теңге болады («AQYL» депозитіндегі 2 000 000 теңгеге қарсы);
2) егер ай сайын шетел валютасында, мысалға АҚШ долларында 7000 теңгеден жинақтаған жағдайда, теңге құнының 5 жылда екі есеге дейін төмендеу мүмкіндігін ескергеннің өзінде, 10 жылдың ішінде жинақ сомасы шамамен 1 680 000 теңге болады («AQYL» депозитіндегі 2 000 000 теңгеге қарсы).
Қазақстанда Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесін іске қосу идеясы білім жинақтарының халықаралық тәжірибесін зерттеудің нәтижесінде пайда болды. Мәселен, АҚШ-та балаларының оқуына ақша жинақтап жүргендер америкалықтар үшін өте жоғары болып табылатын салықтардан босатылады. Қазақстанда салық салынбаудан бөлек, салымшыларға мемлекеттен бонустар беріледі. Әйтсе де, мұндай жүйе Малайзия, Сингапур, Еуропа елдері сияқты бірқатар елдерде сәтті іске асырылуда. ТМД аумағында Қазақстан осындай тетікті енгізген тұңғыш және бұрынғы КСРО елдері ішіндегі әзірге жалғыз мемлекет. Бірақ, қалай болғанда да ол білім алуға шығыстарды 30-дан 70%-ға дейін және одан да көп үнемдеуге мүмкіндік береді.
Осыған дейін атап өткеніміздей, «AQYL» білім беру депозитін ашу өте оңай, ол үшін жеке куәлік немесе ата-ананың төлқұжаттары мен баланың туу туралы куәлігі болса жеткілікті. Салымшы депозитін өзіне қолайлы болатын кез келген уақытта және қалаған сомада толтыра алады. Депозитті ата-анасы ғана емес, сондай-ақ үшінші тұлғаларға да толтыруға болады. Ол үшін банктің филиалына бару міндетті емес, терминалдар мен интернет-банкинг арқылы да толтыруға болады. Бұл өте ыңғайлы.
ЖОО-ға немесе колледжге түскеннен кейін салымшы депозит ашылған банкке ЖОО-мен жасалған шартты ұсынады, содан соң банк салымшының шотынан тікелей білім беру ұйымына оқудың ақысын аударады. Егер жинақталған қаражат оқудың ақысын төлеуге жеткіліксіз, бірақ оқудың толық құнынан 50%-ды құраған жағдайда клиент мемлекеттің кепілдігімен білім беру кредитін ресімдей алады.
Депозиттің нысаналы мақсатына ғана шектеу қойылады: жинақталған қаражат Қазақстанда, әрі шетелде оқудың ақысын төлеуге жұмсалуы тиіс. Егер салымшы жинақталған қаражатты басқа мақсаттарға жұмсайтын болса, есепке жазылған мемлекет сыйлықақысы қайтарылып алынады, ал салынған жеке қаражат пен оған және мемлекет сыйлықақысына есептелген банктің сыйақысы салымшыда қалады.
Соңғы жылдары Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесінің дамуына орай аталар мен әжелер тарапынан туған күнге, сондай-ақ «шілдехана», «бесіктой», «қырқынан шығару» сияқты баланың дүниеге келуіне байланысты іс-шараларға бірегей сыйлық ретінде білім беру депозиттерін сыйға тарту трендке айналды. Бұл, сөзсіз, жүйенің халық арасында танылуына оң ықпал етеруде.
Мұндай білім депозиттері шетелде әлдеқашан танымал болып келеді және ата-аналарға әлімнің жетекші ЖОО-ларына оқу ақысын жинақтауға мүмкіндік береді. Қазақстанда жоғары білім алудың қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін үкімет білім беру жинақтау депозиттері бойынша мемлекет сыйлықақысын төлеуді ұсынды. Қазіргі таңда грантқа толық үміттенуге болмайтындықтан баланың оқуына қаражатты алдын ала жинақтау туралы ойланған жөн.