ҚАЗАҚ ҚИЯЛЫНЫҢ ҚЫРАНЫ
Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында көрнекті ғалым, жазушы – фантаст, журналист Абдул-Хамид Мархабаевтың 80 жылдығына арналған «Қазақ қиялының қыраны» атты әдеби кеш ұйымдастырды.
Шара мақсаты: жазушы - фантаст, журналист Абдул-Хамид Мархабаевтың шығармашылығын оқырман қауымға кеңінен таныстыру. Абдул-Хамид Мархабаевтың шығармаларын оқыған сайын өзіндік жазу стилімен көрінетін өз өрнегі, өз қолтаңбасы, бай сөздік қорын орын-орнына қойып пайдалана алатынын байқаймыз. Жазушы 1959 жылдан бастап республикалық басылымдарда ғылыми-фантастикалық жанр саласында әңгіме-повестер жаза бастаған. Тұңғыш жинағы 1972 жылы «Ғарыштағы қымыз» деген атпен жарық көрді. «Арал әуендері» (1980), «Балалардың аман қалғанын айт!» (1997), «Аспанға құлады да кетті» (1997), «Жарылқаушы…» (1998), «Тосын ғарышхат» (1998), «Шортан планетасы, сен кінәлісің!» (2008), «Қызық қиял» (2008), тағы басқа ондаған көркем шығармалары жеке кітап болып шықты.
Аталмыш шараға қатысушы қонақтар: Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, журналист-жазушы Еркін Әбіл, журналист Жұматәлі Әбдіраман, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің қазақ тілі және әдебиет, журналистика кафедрасының аға оқытушысы, баспа ісі магистрі Аягөз Әбдіразақова, «Мұрагер» мектебінің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Зада Есмағанбет, М.Ықсанов атындағы Қызылорда политехникалық колледжі, С. Ысқақов атындағы құрылыс және бизнес колледжі, қаланың жоғарғы және орта оқу орындарының студенттері мен оқытушылары, кітапхана оқырмандары қатысты. Шара қонақтары Абдул-Хамид Мархабаевтың шығармаларында ойдан шығарылған оқиғалар, қиялдан құрастырылған ғажайыптар әлемі, осындай техникалық прогресс дамыған тұста адам еңбегін роботтар ауыстырып, адамдардың өздері де бірте –бірте роботқа айнала бастай ма деген ойларымен бөлісті, қаламгердің баға жетпес мол мұраларын оқуға шақырды.
Кеш барысында «Қазақтың қарымды қиялгері» атты кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасалды.